Қазақстанда су тасқынын болжайтын бекеттер тапшы - Қазгидромет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидромет Ішкі істер вице-министрінің сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазгидромет мекемесінің Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы Қазақстанда су тасқынын болжайтын бекеттер тапшы екендігін жеткізді.

Айта кетейік, бұның алдында ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Қазгидромет биылғы су тасқынын дұрыс болжай алмағандығын айтқан болатын. «Бәлкім, гидрометео бекеттердің аздығына байланысты олар нақты болжам бере алмады. Осы жаңа ғана бір жиналыс болды. Сол жерде Қазгидромет бірқатар аймақтар бойынша түскен қар мен ауа температурасына байланысты қате болжамдардың жасалғанын мойындады. Осыған байланысты су тасқынына қатысты болжамдар да дұрыс жасалмаған шығар», - деді Ильин.

Дидар Жәнібекұлының айтуынша, Қазгидромет жыл басынан бері Қазақстанның 11 су қоймасында жағдай ушығатынын хабарлаған.

«Өкінішке орай, Астана, Самарқанд және Кеңгір су қоймалары бойынша аздаған қателіктер кетті. Қалған болжамдарымыз дәл келді», - деп атап өтті ол.

«90-шы жылдардың басында дағдарысқа байланысты еліміздің көптеген гидрологиялық бекеттері жабылып қалды. Қазіргі уақытта біз олардың санын қайта ұлғайтып келеміз. Бекеттердің аздаған желісі бізге толыққанды болжам жасауымызға қолбайлау болып отыр», - деді ол.

Департамент басшысының сөзінше, елімізде 328 гидрологиялық бекет бар. Ал Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның жасаған зерттеуі бойынша, Қазақстанда ол бекеттердің саны кемінде 800 болуы тиіс екен. «Дегенмен бізде арнайы бағдарлама қабылданды. Алдағы уақытта кезең-кезеңмен гидро, мете және эко стансалар саны арттырылады», - деп түйді ойын Д. Жәнібекұлы.

Соңғы жаңалықтар