Қазақстанда шетелдік тасымалдаушыларға бақылау күшейтілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік тасымалдаушылардың еліміздің аумағында көлік заңнамасын бұзу фактілері көбейіп кетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта шетелдік тасымалдаушылардың еліміздің аумағында көлік заңнамасын бұзу фактілері көбейіп кетті. Сондықтан соңғы аптаның ішінде біз бақылауды күшейтіп жатырмыз. Бұл жұмыстар тек қана отандық  тасымалдаушылардың мүддесін қорғау үшін жасалуда. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік тасымалдаушыларға бақылау күшейтілді. Алғашқы 7 күннің қорытындысында 2721 көлік құралы тексерілді», - деді министр.

Оның айтуынша, шара барысында 10-нан астам елдің көлік құралдары тексерілген. Нәтижесінде 193 бұзушылық анықталған.

«Бұзушылықтардың басым бөлігі, яғни 60 пайызы қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі болып отыр. Жалпы жылдың басынан бері 58 мыңнан астам шетелдік көлік тексеріліп, 2500-ден астам бұзушылық анықталды. Бұл ретте де бұзушылықтардың мыңға жуығы қырғызстандық автокөліктерге тиесілі болды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзіне қарағанда, осыған байланысты шекара маңындағы аймақтарға қосымша жылжымалы көліктік бақылау бекеттері жіберілді. Жергілікті полиция қызметі, экономикалық тергеу қызметі және мемлекеттік кіріс органдары бірлесіп, шекара асып жатқан көлік құралдарына тәуліктік бақылауды қамтамасыз етуде.

Соңғы жаңалықтар