Қазақстанда мұнай мен газ тасымалы 4,3 процентке өсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Қазақстанның магистралды құбырларымен 113,3 млн тонна мұнай мен газ тасымалданды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3% артық. Ал жалпы жүк айналымы 63,7 миллиард тонна-шақырымға жетіп, былтырғы жылға қарағанда +7,4% болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Магистралды мұнай құбырының ұлттық операторы «КазТрансОйл» АҚ 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында тасымалдаған мұнай көлемі 22,7 млн тоннаға жеткенін хабарлаған. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4% артық. Ал мұнай өнімдерінің тұтастай тасымалы мен ауыстыра жеткізулері  28,9 млн тоннаға жетті. Бұл 2016 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2% көп.

«ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі тағы бір жоба - халықаралық Каспий құбыры консорциумының көрсеткіші 2017 жылғы жоспар бойынша 65 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде қазақстандық өндірісшілер үлесіне 54 млн тонна тиесілі болса, соның 11 млн тоннасы Қашағанның мұнайы.

Тоқтала кететін жайт, биылғы жылы мұнай тасымалы бойынша көрсеткіштер тренді оң нәтижеге ойысуы мүмкін. Өйткені 2014 жылдан бері магистралды құбыр желісі бойынша жүк тасымалының динамикасы төмендеп келе жатқан болатын. Мәселен, 2016 жылдың өзінде 2015 жылмен салыстырғанда жалпы тасымал көрсеткіші 4,1% азайған еді.

Айта кетейік, Қазақстан аумағындағы мұнайгаз тасымалдайтын құбырлар ұзындығы 23,3 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 15,3 мың шақырым - газ, 8 мың шақырым - мұнай құбыры.

Соңғы жаңалықтар