Қазақстанда коммуналдық төлемдер тарифтерін өзгерту ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі биыл мамыр айында Парламент Мәжілісіне «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын талқылауға енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы реттеудің жаңа әдістерін енгізу арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін құрудың жаңа шешімдерін енгізуді көздейді.

«Заң жобасы арқылы біз кәсіпорындардың шығындарын үнемдеуге және тиімділіктерін арттыруға ынталандыратын боламыз», - деп атап өтті Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов Парламентте өткен дөңгелек үстелде.

Оның сөзінше, 1998 жылы қабылданған қолданыстағы заңнамада кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға ынталандыратын тетіктер жоқ. Бұл өз кезегінде жыл сайын тарифтердің көтерілуіне соқтырып келеді. Сонымен қатар заң жүйелі емес, соңғы 3 жылда оған 200 түзету енгізілген. Ал тариф құру процесі ашық емес.

Министрліктің хабарлағанындай, тариф құнына желілердің тозуы әсер етуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, су, кәріз және жылу желілерін жаңартуға қаражат бөлінеді.

2015 жылы осы мақсаттарға 60 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде жалпы ұзындығы 226,5 шақырым құбыр жаңартылды. 2016 жылы 86 млрд теңгеге 1733 шақырым желі ауыстырылды. 2017 жылы бұл мақсаттарға 48 млрд теңге қарастырылып отыр және 1190 шақырым құбыр жөнделеді деп жоспарланған.

2020 жылға дейін тозығы жеткен су, кәріз және жылу желілерінің үлесін 67 проценттен, 53 процентке төмендету межеленген.

Соңғы жаңалықтар