Қазақстанда Генадан басқа ешкім бір айқастан 40 млн доллар тауып көрген жоқ - Айдар Махметов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірде-бір боксшы немесе спортшы бір айқастан немесе бір сайыстан Геннадий Головкиндей ақша тауып көрген жоқ. Бұл туралы ҚР ММА мен панкратионнан ұлттық құраманың құрметті президенті Айдар Махметов осылай деді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл айқас өзінен жас Альварестен гөрі Генаға аса маңызды еді. Өйткені, жеңілген жағдайда шешім Генаны кері ысырып, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін жоққа шығарар еді. Өзімнің жеке болжамым орындалған жоқ. Көпшілік арасында Генаның төпелеген соққысына мексикалық шыдай алмай қалады дегендер де болды. Бірақ, «Канело» шыдас берумен бірге нағыз боксшыға тән айқас көрсете білді. Ал Генаның айқастың басынан аяғына дейін жоғары қарқынмен ұрыс салғаны ұнады. Оның екпіні тұрақты болды. Қысымды азайқан жоқ», - дейді ол.

Айдар Махметовтың айтуынша, Головкин бүйірге аз соққы жасаған.

«Әдетте, біз оның осы бағытта жұмыс істейтінін, қарсыластары осы шабуылға төтеп бере алмай қалатынын көретінбіз. Десе де, Генаға 7:5 есебімен жеңісті беруге болады. Оның жеңісі меніңше ешқандай күмән туғызбайды. Оның өміріндегі ең басты кездесуі де осы айқас. Нәтиже Генаға кері әсерін берген жоқ. Ол анық. Не десек те, ол елінің мақтанышы болып қалды. Сарапшылардың басым бөлігі де жеңіс Генаға тиесілі деп отыр. Сондықтан, реваншты асыға күтеміз. Бәрі жылдам болмайды. Халықтың қызығушылығы артпаса төмендемейді. Бәлкім, оған дейін Гена тағы бір кездесу өткізер. Бәрі де менеджментке байланысты», - дейді ол.

ММА мен панкратион ұлттық құрамасы президентінің сөзіне сүйенсек, Генаның жеңіске жетуіне Альварестің жоғары шеберлігі кедергі келтірген.

««Канелоның» қорғаныстағы қабілеті жоғары. Генаның бүйірден соққы жасамағанын айтып жатқанымызбен, Альварестің оң шынтағы бүйірін жауып тұрғанын ұмытпауымыз керек. Кәсіби спорт - ол спорттық элементтері бар шоу. Кәсіби бокста қыруар ақша табу көбінде алға шығып кетеді. Кез келген кәсіби боксшы шаршы алаңға басын бәйгеге тігіп шығады. Сондықтан, промоутерден бастап телеарналарға дейін бәрі де көптеп ақша табудың амалын қарастырады. Тең нәтиже бұл айқасқа деген қызығушылықты арттыра түсті, себебі халық кімнің жеңгенін түсінбей дал. Меніңше, елімізде бірде-бір спортшы Генадай бір айқастан 40 млн АҚШ долларын тауып көрген жоқ», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар