Қазақстанда энергетика тақырыбын қаузайтын журналистердің пулы жасақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қазақстандық МедиаАльянс (ҚМА) өкілдерінің, республикалық БАҚ жетекшілері мен блогерлердің ҚР Энергетика министрлігінің басшылығымен - министр Қанат Бозымбаевпен, вице-министрлер Бақытжан Жақсалиев, Мағзұм Мырзағалиев пен Болат Ақшолақовпен кездесуі өтті.

Кездесуге медиақауымдастық атынан ҚМА басқарма төрағасы, «Форбс-Қазақстан» журналының басшысы Арманжан Байтасов, ҚМА атқарушы директоры Виктор Кияница, ҚР Президенті телерадиокешенінің директоры Ерлан Бекқожин, журналист, блогер Арман Шураев, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Пәттеев, «Алаш Медиа Групп» медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев, «31 канал» ТРК бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова, «Астана» телеарнасының бас директоры Ляззат Танысбай, «Atameken Business Channel» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова, «Жас алаш» бас редакторы Руслан Ербота, «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лев Тараков, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров, «Nur.kz интернет-порталы» ЖШС бас директоры Қуат Бахридинов қатысты.

Арманжан Байтасов кездесудің басты мақсаттарының бірі қазақстандық медиақауымдастықтың мемлекеттік билік органдарымен өзара түсіністік пен тиімді өзара қарым-қатынас орнату екенін атап өтті.

Өз кезегінде министр Қанат Бозымбаев БАҚ пен PR-құрылым қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сапалы журналистік саланы дамыту бойынша арнайы курстар ұйымдастыру идеясын ұсынды.

"Мұның барлығы журналистермен тікелей жүйелі, нақты жұмысты талап етеді. Олардың кәсіби білім көкжиегін кеңейтіп, қандай да бір салаға бейімдеу керек. Мұнда күрделі әрі көп қырлы энергетика тақырыбын жазудағы білім мен объективтілікті көтеруді айтып отырмын", - деді министр.

МедиаАльянс аталған тақырыпқа маманданған біліктілігі жоғары журналистерден мобильді "энергетикалық пул" құруда көмек көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Сонымен бірге, тараптар энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар ірі нысандарға кеңейтілген пресс-тур ұйымдастыруға, онда 2-3 күндік оқыту семинарларын өткізуге уағдаласты. Мұндағы мақсат - "министрлік пул" үміткерлерін іріктеп алу, оқыту және тәжірибеде шыңдау.

Кездесу барысында Қ. Бозымбаев пен А. Байтасов қатысушылармен энергетика, мұнай-газ тақырыбында баспа және электронды БАҚ журналистері арасында республикалық шығармашылық жұмыстар байқауын ұйымдастыру мен оны өткізу бастамасын талқылады.

Соңғы жаңалықтар