Қазақстанда экстремизмге күдіктілер есепке алынбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда экстремизмге қатысы болуы мүмкін деп күддікке ілінгендер арнайы есепке алынатын болады. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істер комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның діни бірлестік өкілдерінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясының қабылданғанына 25 жыл» тақырыбындағы отырысы аясында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ол діни бірлестіктер қызметі туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайында айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, аталған өзгерістерге сәйкес діни радикализммен күрес бойынша бірқатар жаңа шаралар жүзеге асырылатын болады.

«Деструктивті діни ағымдармен күресуге мүмкіндік беретін бірқатар жаңа нормалар қарастырудамыз. Оның ішінде ішкі істер органдарында экстремизм мен терроризм көріністері үшін жағдай жасауы мүмкін тұлғаларды алдын ала ескерту шарасын қолдану мүмкіндігі беріледі. Егер адамға аталған шара қабылданатын болса, онда ол дактилоскопиялық криминалдық есепке алынады. Яғни, бұл экстремизм саласында қылмыс жасауы мүмкін адамдармен нақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай норма әлемнің көптеген елдерінде бар және ол өзінің тиімділігін дәлелдеген»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде экстремизм күдігіне ілінген адамдарға қатысты идеологиялық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыда дерадикализациялау жұмыстары жүргізілуде.

«Олар білуі үшін құқық қорғау органдары ерекше бақылауға алғандығы ескертіледі. Оларды ашық түрде есепке алады», - деді Еркін Оңғарбаев.

Соңғы жаңалықтар