Қазақстанда дәрі-дәрмектердің шекті бағасы 2018 жылдан бастап бекітіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бекітетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті.

«Бөлшек саудадағы дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы жасақталды. Ертеңнен бастап біз оны талқылауға көшеміз. Алдымен қоғамдық кеңесте, кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, БАҚ-та кеңінен талдайтын боламыз. Қоғам талқылауынан соң, заң жобасы биыл күзде Парламентке жолданады. Жыл соңына дейін оны қабылдап, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрі-дәрмектердің шекті бағасын бекітеміз деген үміт бар», - деп атап өтті министр.

Бұның алдында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті ҚазАқпараттың ресми сауалына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың дәріханалардағы дәрі бағасының қымбаттығына қатысты сынына жауап берген болатын . 

Онда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  бүкіл дәрілердің бағасын реттеу үшін  фармацевтика қоғамдастығының өкілдерімен бірге барлық дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастыру әдістемесін талқылау жұмысын жүргізіп жатқандығы туралы хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар