Қазақстанда әлеуметтік салық көлемі төмендетілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әлеуметтік салық көлемі төмендетілуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, 2010 жылдан бері елімізде салық жүктемесі біртіндеп төмендетіліп келді және қазіргі уақытта барынша төмен болып отыр.

«5 пайыздық зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік-медициналық сақтандыру төлемдері бойынша қабылданған шешімдерге байланысты жалақы қорына жүктеменің арта түсетіндігімен түбегейлі келісемін. Бұл бізді алаңдатып қана қоймай сонымен бірге қорды қалай қысқарту керектігін ойландырып та отыр. Әзірленіп жатқан Салық кодексі аясында біз салық жүктемесінің қандай элементтерін төмендетуге болатындығын ойластыратын боламыз. Әзірше, зейнетақы жүйесін, медициналық қамсыздандыруды қоғамдық қайта теңгерімдеусіз төмендетуге болатын жалғыз элемент  - бұл әлеуметтік салық болып тұр. Оны төмендетуді ойластыратын шығармыз», - деді Сүлейменов депутаттардың осы мәселеге қатысты сауалына орай.

Айта кетейік, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Кодексінің 355-бабына сәйкес, жеке кәсiпкерлер; жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгiленбесе Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар, қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шартқа сәйкес, тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын, филиал немесе өкілдік арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады.

Соңғы жаңалықтар