Қазақстанда 2,5 млн адам тегін дәрі алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2,5 млн адам тегін дәрі алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету - бұл тегін медициналық көмектің  кепілдік берілген көлемі аясында диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін тегін дәрілермен қамтамасыз ету болып табылады. Тегін дәрі-дәрмектер тек қана дәрігерлердің рецептімен таратылады. Бұл рецептердің барлығы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Қазіргі күнде 49 ауру бойынша 400-ден астам түрлі дәрілер  2,5 млн пациентке  тегін беріледі», -  деді ол.

Министрдің айтуынша, тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. 2005 жылы аталған жүйеге 2,8 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылы 130 млрд теңгеге жетіп отыр. Аталған қаржының 36 млрд теңгесі  вакциналарға, ал 94 млрд  теңгесі тікелей рецепт бойынша дәрі-дәрмектерге жұмсалады.

«Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі еліміздегі ең маңызды, жиі кездесетін әлеуметтік  ауруларға жұмсалады. Бірінші орында қант диабетіне қарсы дәрілер тұр. Оған 2016 жылы 8,8 млрд теңге бағытталды. Екінші орында артериялық гипертензияны емдеуге арналған дәрілер, үшінші орында онколгиялық және қан аурулары орналасқан. Жалпы  қазіргі уақытта біз осы жүйені зерттеп жатырмыз. Көп жағдайда қаржыны жиі кездесетін ауруларға жұмсаймыз. Бірақ кейде өте сирек кездесетін қан ауруларына да көп ақша кетеді. Мәселен, 585 ауруға 6 млрд теңге қаржы жұмсалып отыр», - деді Біртанов.

Соңғы жаңалықтар