Қазақстан Үкіметі Ұлттық инвестициялық стратегияны бекітті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, стратегияның негізгі мақсаты - тиімділікті арттыруға бағытталған қолайлы инвестициялық климат құру және инвестиция тарту.

«Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының кезең-кезеңімен экономикаға 26 пайызға дейін, ал тиімділікті арттыруға және экспортқа бағытталған инвестициялар 50 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар, ішкі инвестициялардың өсуі де болжанып отыр. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына салынған инвестициялар  көлемі 46 пайызға дейін өседі деп күтілуде», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестиция тартуға ұтымды салаларды белгіледі. Бұл салалар екі топқа бөлінеді.

«Біріншіден, бұл - «қолданыстағы әлеуетті салалар», яғни азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды қайта терең өңдеу (металлургия, химия және мұнай-химия) және машина жасау. Бұл топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияны ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші топта «перспективалы салалар» қамтылған, яғни АКТ, туризм және қаржы. Бұл топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады», - деді министр.

Жалпы, стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Стратегияда инвестициялар тарту үшін басымдықты елдер айқындалды. Экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, әлеуетті инвестор болып саналатын 36 ел белгіленді, оның ішінде 11-інің біз үшін басымдығы жоғары. 25 жыл ішіндегі тәжірибеге сүйенсек, бұл елдер Қазақстан экономикасына негізгі инвестор болып отыр», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар