Қазақстан туралы қызықты материалдарды «National Geographic-ке» шығаруға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тіліндегі үздік зерттеу материалдары «National Geographic» халықаралық журналы үшін ағылшын тіліне аударылады. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова қазақ журналистикасының өндірген өнімдерін «әлем неге тұтынбайды?» деген мәселе бүгінде жиі қозғалып жүргендігін айтқан болатын.

«Біздің қазақ басылымдары әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, өздерінің үздік материалдарын аудартып, сол әріптестік арқылы әлемге таратып отыруға кедергілер бар ма?»,-деген депутат Б. Хаменова осы мәселеге қатысты министрдің пікірін сұраған еді.

Өз кезегінде министр Дәурен Абаев қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көріп отырған әлемдік брендтік-басылым «National Geographic Қазақстан» журналының дәл осы бағыттағы тәжірибесін алға тартты.

«Мен сіздерге бір мысал келтірейін, «National Geographic Қазақстан» журналы биылғы жылы ғана қазақ тілінде шығып жатыр.  Бұл басылымда  әлемдік зерттеулер ағылшын тілінен аударылып берілсе, бірте-бірте Қазақстан туралы төл материалдар оның кейінгі санында көбейіп келеді. Соның ішінде ең мықты деген қазақ тіліндегі мақалалар дүниежүзілік «National Geographic-ке» шығады. Бұл бір ғана мысал. Негізі осы бағытта үлкен жұмыстарды жүргізіп жатырмыз»,-деп тоқталды ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұндай халықаралық ауқымдағы жобалар бір жағынан үлкен қаржы талап етсе, екінші жағынан елдің әлемдік деңгейдегі имиджіне зор әсер етпек.

Сонымен қатар Д. Абаев әлемдік деңгейдегі компаниялармен әріптестік  бағыттағы шаралар қомақты қаржыны талап ететінін атап өтті.

«Үлкен компаниялар бізге келіп, жоба жасау үшін қаржылай көмек сұрайтын кездер болады. Негізінен ол жағын да қарастырып жатырмыз. Сосын біз «Discovery» және «Euronews» секілді әлемдік компаниялар өкілдерімен кездестік. Егер осы бағыттағы бірлескен жобамыз жүзеге асса, ол барлық тараптарға да қызық болады деп ойлаймын»,-деді министр.

Мұнымен қоса, ведомство басшысы алдағы жылдары түсірілетін сапалы әрі рейтингті қазақстандық сериалдар да шет елдерге сатылатынын атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар