Қазақстан ТМД-да бірінші болып Сауд Арабиясымен экстрадициялау бойынша келісімге келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Сауд Арабиясы Корольдігінен қылмыскерлерді экстрадициялау немесе ол елге тапсыру жолдары туралы заң жобасын Сенатқа таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Андрей Лукин ҚР Парламент Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында аталған құжатты таныстырып, Сауд Арабиясымен келген келісімнің мазмұнын баян етті.

«ҚР Президетінің Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған сапары барысында екі келісімге қол қойылған. Оның бірі Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы заң бұзған адамдарды бір-біріне жеткізу мәселесіне негізделген. Аталған құжатта заң бұзған адамдарды ұстап беру немесе алдыру ісі қаралған. Егер адам әскери немесе саяси әрекеті үшін айыпталса немесе қылмыстық жауапкершіліктің мерзімі өтіп кетсе, болмаса сол елдің Ұлттық қауіпсіздіктің тұтастығына, қоғамдық тәртібіне немесе Конституцияға қайшы келсе экстрадициялау жүзеге асырылмайды. Сұрау жолданған уақытта ұсталған адам тергеуде болады. Адамдарды экстрадациялауға бюджеттен ақша талап етілмейді. Сондықтан, заң жобасын қолдауды сұраймын», - деді Андрей Лукин.

Бас прокурура өкілінің айтуынша, келісімге келгенге дейін де Сауд Арабиясымен бірлескен жұмыс күшейіп келеді. Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айында Сауд Арабиясы миллиондаған қаржыны жымқырған қазақстандық азаматты ұстап берген.

«Қазіргі уақытта қазақстандық соттан қашып жүрген адам Сауд Арабиясында жоқ. Сауд Арабиясының қылмыс жасаған азаматы Қазақстанда да тіркелмеді. Бірақ, мұндай адамдар ұсталған жағдайда қылмыспен күрес жөнінде Сауд Арабиясымен келісім бойынша жұмыс атқарылатын болады», - дейді ол.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов келісімнің маңызы зор екенін жеткізді. Себебі, жүйелері мүлде бөлек мемлекеттер қылмыс жасаған адамдарды бір-біріне тапсыру туралы келісімге келіп отыр.

«Біздің ел зайырлы мемлекет болса, Сауд Арабиясы Корольдігі Конституцияның орнына Құранға, Қылмыстық кодекстің орнына Шариғатқа құлақ асатын мемлекет. Бізде түрмеге отырғызатын қылмыстар үшін ол жақта Шариғат соты арқылы қатал үкім тағайындалуы мүмкін. Ондай үкімдер халықаралық құқыққа қайшы келетіні анық. Ең қуантатыны, бұл келісімнің 23-бабында халықаралық талаптардың барлығын құптап, оған Сауд Арабиясы Корольдігі де қол қойды. Қазақстан ТМД елдері ішіндегі дәл осындай діни құндылықтарды алға қойған мемлекетпен құқықтық тұрғыда келісімге келген бірінші мемлекет болып отыр», - дейді Дулат Құсдәулетов.

Соңғы жаңалықтар