Қазақстан-Ресей индустриялды-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы іске асырылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстан-Ресей елдерінің индустриялды-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында 41 жоба іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Қазақстан-Ресей арасындағы үкіметаралық комиссия отырысы өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Федерациясы Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов рельс-арқалық зауытын аралаған болатын. 

Кейін екі елдің кәсіпкерлерінің қатысуымен ХІХ үкіметаралық комиссия отырысында бірлескен кәсіпорындарды ашу, экономикалық ынтымақтастықты нығайту туралы жиын өтті. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің айтуынша, 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей арасындағы индустриялдық-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында құны 4,5 миллиард доллар болатын 41 жоба іске асырылады. Қазіргі күні Қазақстанда Ресей инвесторларының қатысуымен 7 мыңнан астам компания жұмыс істеп тұр. Ал 2005-2017 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына Ресейден 11 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды.

Айта кетейік, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын дамыту үшін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің маңызы зор. Тек Ресей тарапы әлі күнге дейін өз территориясындағы жол құрылысын аяқтауға асығар емес. Ал 2017 жылдың 9 айында Қазақстан-Ресей арасындағы жүк тасымалы теміржол саласында 45,5 миллион тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүк тасымалының 20 пайызға артқанын көрсетеді.

«Челябіде өткен кездесу кезінде Қазақстанда өндірілген тауарды Ресейге өткізу, транзиттік жүктерді тасымалдауда қиындық болғаны айтылды. Біз өз тарапымыздан бұл шектеулер мен кедергілерді тез арада жою үшін жұмыс істейміз. Жақын күндері арнайы жұмыс жоспарын құрып, хабардар етеміз. Сонымен қатар, екі ел президенттерінің кездесуі кезінде теміржол қатынасын жандардыру бағытында тапсырма берілген болатын. Бұл жұмыс басталды. Әрі «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының өзімізге тиесілі аумақты іске қосуға күш саламыз»,- деді Ресей Федерациясы Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов.

Ақтөбе мен Ресей арасындағы тауар айналым 146 пайызды құрап, 828 миллион долларға жетті. Челябі мен Орынбор арасындағы тауар айналым үш есеге артып отыр. Қазіргі күні Ақтөбеде ресейлік капиталдың қатысуымен 650 компания жұмыс істеп тұр. 

Соңғы жаңалықтар