Қазақстан Президенті әлемде қарулануға сұраныстың артуы салдарын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемде соғысқұрмарлықтың артуы пен жаппай қыру қаруының сынақтарына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы көптеген жылдардан бері Таяу Шығыс пен Африкада әскери іс-қимылдар белсенді кезеңде қалып отырғанын, Ауғанстандағы, Ирактағы, Украинадағы, Таулы Қарабақтағы ахуал толық реттелмегенін еске салып өтті.

«Жаһандық шиеленістің өсуі қарулануға сұранысты арттырып отыр. Өткен жылы кезекті рет әскери шығыстар жоғарылай түсті және 1,7 трлн АҚШ долларын құрады немесе әлемдік ІЖӨ-нің 2,2 пайызы деңгейіне жетті. АҚШ өзінің әскери қаржы шығыстарын 611 миллиард долларға дейін, Қытай - 215 миллиардқа дейін, Ресей - 69 миллиардқа дейін, Үндістан 56 миллиард долларға дейін ұлғайтты. Бұл осы елдердің барша ұлттық кірісінің басым бөлігі. Әскери қаржы шығыстарының артуы - ол қауіпсіз әлемге төнген қатер ғана емес, сонымен қатар жердегі даму мен берекенің нақты қажеттіліктерінен экономикалық әрі адами ресурстарды тиімсіз түрде басқа мәселеге аударуды білдіреді», - деп түсіндірді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек Елбасы бүгінде Корей түбегіндегі жағдай барша әлемді алаңдатып отырғанын, бұл тұрғыда зымыранға қарсы қорғаныс, ядролық қаруды қысқарту мәселелерінде ірі державалар арасында консенсус жоқ екенін,  бұл қадамдардың барлығы тұралап қалғанын сөз етті.

Осы орайда Елбасы Қазақстанда әлемді бірінші болып ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартқанын, ядролық қарусыздану қозғалысына барынша үлес қосып жатқанын қадап айтты.

Соңғы жаңалықтар