Қазақстан өлкетанушыларының одағы құрылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өлкетанушыларының одағы құрылды, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Барлық өлкетанушылар мен музей қызметкерлерінің басын қосып, оларды «Киелі Қазақстан» картасын жасауға жұмылдыру мақсатында елімізде алғаш рет «Қазақстанның өлкетанушылар одағы» құрылды», - деді министр  жұмада өткен ұлттық қоғамдық сананы жаңғырту комиссиясының отырысында.

Ол туристік машруттарды дамытуға ден қоя отырып, киелі белдеу қалыптастыру бойынша барлық салаларды сәйкестендірумен «Қазақстанның киелі географиясы» тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін хабарлады. Жобаның негізгі орындаушысы - Ұлттық музей. Оның базасында «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталық тікелей «Қазақстанның киелі орындарының атласын» әдістемелік сүйемелдеумен айналысады. Осы кезеңде Орталық киелі орындар мен ескерткіштер бойынша өзекті ақпарат қалыптастырды.

«Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасын іске асыру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша қарастырылуда. «Ұлттық құндылықтар - ел бірлігі» ғылыми және мәдени бағдарламасы, оның аясында тарихи сананы нығайту мақсатында ұлттық құндылықтар мен киелі орындарды зерделеу, насихаттау шаралары қабылданады. «Рухани керуен» туризм және қажылық бағдарламасы аясында Қазақстан халқының рухани мұрасына сүйенетін ішкі мәдени және қажылық туризмді дамыту, қолдау шаралары қабылданады.

«Асыл ұрпақ» мәдени-білім беру бағдарламасының аясында елдің киелі орындарының мәдени-географиялық белдеуінің рөлі мен орындары жайлы әр қазақстандық үшін қосымша білім беруді ұйымдастыру мәселелері қарастырылса, «Киелі Қазақстан» аясында Қазақстанның киелі географиясын ақпараттық сүйемелдеу, насихаттау шаралары қабылданады.

Соңғы жаңалықтар