Қазақстан мен Венгрия тікелей инвестициялық қор құрды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіптік кешенге тікелей инвестицияларды көптеп тарту мақсатында бастапқы капитализациясы 40 миллион долларды құрайтын Қазақ-Венгер тікелей инвестициялық қоры құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. 

 «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін «ҚазАгро» холдингі инвестицияларды көптеп тарту бағытында ауқымды жұмыс жасап келеді. Тікелей инвестициялар қорлар - агроөнеркәсіптік кешенге тікелей инвестиция тартудың бір түрі. Осы орайда бастапқы капитализациясы 40 миллион долларды құрайтын бірлескен Қазақ-Венгер тікелей инвестициялық қоры бұл бағыттағы тұңғыш бастама болып отыр», - деді Гүлназ Атамқұлова.

Аталған Қор агроөнеркәсіптік кешенінің іске асырылған, бірақ қаржы тапшылығын тартып отырған жобаларын дамытуды, сондай-ақ мал, құс, жеміс-көкөніс, балық шаруашылықтары, сүт өндірісі, дәнді және майлы дақылдарды, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бағытындағы жаңа жобаларды қаржыландыруды көздейді. Сондай-ақ қосымша инвесторларды тарту арқылы Қор капитализациясының көлемін 150 миллион долларға дейін ұлғайту жоспарланған. 

2017 жылдың 25 тамызында Астанада өтетін «AgroInvest Forum 2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумында Қазақ-Венгер қорының Ақтөбе облысындағы жылыжай кешені жобасын іске асыру бойынша алғашқы келісім бекітіледі. Одан бөлек, тікелей инвестициялық қор аясында Ақмола облысында сүт тауарлары фермасы мен минералды тыңайтқыштар зауыты жобалары қарастырылған.

Сонымен бірге, холдинг өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары да шетелдік капиталдарды тартуда барын салуда. Осының нәтижесінде соңғы 5 жылда Холдинг және оның еншілес компаниялары агроөнеркәсіптік кешен саласына жалпы көлемі 375 миллиард теңгеден асатын шетелдік инвестицияны тартып үлгерген.

«Қазіргі таңда 10 жылға 100 миллион евро алу үшін Еуропалық инвестициялық банкімен келіссөздер жүргізілуде. Бұл қаржы Қазақстан Республикасының аграрлық секторындағы климаттың өзгеруі мен жалпы тиімділікті арттыру, ауылдық микро, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіші және орта жобаларын жүзеге асыруда жәрдемдесу бойынша жобаларды қаржыландыруға жұмсалады», - деп өз сөзін түйіндеді Г.Атамқұлова. 

Соңғы жаңалықтар