Қазақстан мен Ресейдегі бензиннің бағасы тең болып қала берген дұрыс - Мыңбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарына қарамастан, алдағы уақытта бензиннің бағасы өзгермейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі, қосарланған құн салығы мен акциз жағынан Қазақстан мен Ресейдегі бензин бағасында біраз айырмашылық болуы мүмкін. Бірақ қазір ол тең. Енді, екі елдің арасында 7 мың  шақырымдық шекара бар. Ал екі жақта бензин бағасының екі бөлек болғаны кімге тиімді? Мысалы, Ресейде бензиннің бағасы бізден жоғары болса, онда шекаралас аймақтар біздің жанар-жағарайымызды жаппай Ресейге тасымалдай бастайды. Ал бізде жоғары болса, онда ресейлік бензинді осында көптеп әкеледі. Ондайда өз жанар-жағармайымыз сатылмай қалады. Сондықтан зауыттарды жаңғырту жұмыстары біте ме, жоқ па, баға оған байланысты емес. Оған қоса, бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістікті құрамыз деп жариялағаннан кейін сатылатын жанар-жағармайдың бағасы екі мемлекетте тең болуы тиіс. Қазір де солай. Болашақта да солай», - деді Мыңбаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Осы орайда компания басшысы алдағы уақытта бензиннің бағасы қымбаттай ма, жоқ па, оны дөп басып айта алмайтынын жеткізді. Себебі барлығы мұнай саласындағы бағаларға, валюта бағамына және тағы басқа себептерге  байланысты болады. «Кейде мұнайдың бағасы өскенде бензиннің бағасы сәл арзандайды. Ал мұнай арзандаса, бензиннің бағасы, керісінше, жоғарылауы мүмкін. Сосын мұнай мен дайын бензиннің арасында салық бар, валюталық бағаның айырмашылығы бар. Теңге күшейсе, бензиннің бағасы төмендеуі тиіс. Бағам өсіп кетсе, онда бензиннің бағасы да теңгемен саналады, ал теңгемен саналған баға өсуі мүмкін. Барлығы нарыққа байланысты», - деп атап көрсетті Мыңбаев.

Соңғы жаңалықтар