Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығын дамыту екі елге де тиімді - сарапшы

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығын дамыту екі елге де тиімді. Мұндай пікірді экономист Жәңгір Рахманов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан үшін кез келген елмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту екі жаққа да тиімді болатындығы тайға таңба басқандай анық жайт. Қазақстанда да, Грузияда да ашық  экономика. Бізде, олар да Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Яғни,  өзара тиімді саудада ешқандай кедергі де жоқ. Егер екі елдің Үкіметтері қандай да бір түйісу нүктесін табар болса, ол сәлемдесу мен міндетті түрде дамыту қажеттігі төңірегінде болмақ», - деді Ж.Рахманов.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жаңадан Елші болып тағайындалған бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған болатын. Мемлекет басшысына грамота тапсырғандар қатарында Грузияның ҚР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Абашидзе де болған еді.

Грузия Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Грузиямен екіжақты қарым-қатынасын дамытуға мән беретіндігін, Кавказ маңайындағы негізгі серіктестердің бірі санайтындығын баса айтты.

«Біз Тбилисимен барлық салада және барлық деңгейде ары қарай диалог жүргізуге мүдделіміз. Өткен жылдары халықтарымыз арасындағы достық байланыс нығая түсті. Ынтымақтастықты осындай бағытта дамыта түсуіміз қажет. Кавказ арқылы өтетін теміржол бойында тұрған Грузия біз үшін өте пайдалы әріптес саналады. Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилидің алдағы Астанаға сапарында біз кең ауқымды мәселелерді талқылап, екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындаймыз деп сенемін», - деді ҚР Президенті.

Ал осыдан кейін қазақстандық БАҚ өкілдері алдына шыққан Зураб Абашидзе Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилидің 29-30 маусымда Астанаға сапарлау мәселесі шешіліп жатқандығын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар