Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымның әлеуеті өте зор - Назарбаев

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының әлеуеті өте зор. Бұл туралы бүгін Бакуге жасаған ресми сапары барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Ресми сапарға шақырған Сіздерге алғыс айтамын, біз бұл кездесуді тағатсыздана күттік және осындағы сапарымызға дән ризамыз. Әзербайжандық достарымыздың тарапынан бауырластық, достық, қонақжайлық қатынасты сезіндік. Кеше кешке, бүгін кеңейтілген ортада өткен кездесулерде біз мәселелердің барлығын талқыладық. Біздің қарым-қатынастардың негізгі бағыты сауда-саттық болып қалатынын атап өткім келеді. Сауданы ұлғайту аясында басқа да қатынастарды дамыту керек», - деді Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, бүгінгі кездесу екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту қажеттігін анықтап берді. Себебі 140 млн. АҚШ доллары көлеміндегі тауар айналым көлемі екі мемлекеттің арасындағы мүддеге жауап бермейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бірінші орынға Каспий теңізі арқылы көліктік-логистикалық әріптестік саласы шығып отырғандығын хабарлады.

«Қазақстанда қытайлық шекарадан бастап, Каспий теңізіне 2000 шақырымдық теміржол салынды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік магистралі де жүргізілді. Олар өз нәтижелерін бере бастады. Қазіргі уақытта Қытай тауарын Кавказ, Каспий теңізі арқылы Еуропаға жеткізу сұрақтары туындап отыр. Осы тұрғыда Әзербайжан үшін үлкен мүмкіндік барын атап өткім келеді», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, екі ел арасындағы сауда-саттық пен тауар айналымын күрт өсіру қажет.
«2020 жылға қарай біз 500 млн. доллар деген меже қойған болатынбыз. Бірақ министрліктердің өзі 500 млн-ға келісімшарт жасасқанын естігенде, біз тауар айналымының көлемін миллиард долларға жеткізе алатындығымызға көзім жетіп отыр. Соған талпыну керек», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Президент Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы аясында елде электровоз, тепловоз, теміржол өнімдерін шығару жолға қойылғандығын айтты.

«Осының барлығы Әзербайжанға қажет, сондықтан біз оны жеткізіп беруге дайынбыз. Металл өнімдері - мыс, шойын және тағы сол сияқты. Ақтауға жеткізілген Әзербайжан көкөнісі бүкіл Қазақстанға тарап, бір жылда оның үлесі 12 есеге артқан», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар