Қазақстан мен АҚШ жаһандық қауіпсіздікке орасан үлес қосып отыр - Әбдіқалықова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында  ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен АҚШ-тың өзара ықпалдастығының 25 жылдығына арналған «Қазақстан - АҚШ» конференциясына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияға сондай-ақ ҚР-дағы АҚШ елшісі Д.Крол, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, халықаралық ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық корпустың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелері мен оқу орындарының өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сыртқы саясаты қазақстандық мемлекеттіліктің нығаюына, елдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға, еліміз үшін қауіпсіздіктің алдағы ондаған жылдарға межеленген жүйелі құрылымы мен кепілдігін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз еткенін айтты.  

Ол сонымен қатар, өткен ширек ғасыр ішінде біздің ынтымақтастығымыз өзара сенімге, қолдауға және ұлттық мүдделерге құрметпен қарауға негізделген стратегиялық серіктестік сипатындағы кемел қарым-қатынас деңгейіне жеткенін атап өтті.  

Гүлшара Әбдіқалықова халықаралық бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне Қазақстан мен АҚШ-тың бірлесе  отырып орасан үлес қосқанына тоқталды. Жаһандық орнықты даму үшін жаңа технологияларды дамытуға бірлесе ұмтылған әлемнің 115 елі атсалысып, «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі - жаһандық түйткілдерді шешу жолындағы жарасымды ынтымақтастық рухының жарқын көрінісі болып табылады.

Конференция аясында халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ бейбітшілікті сақтау, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілету салаларындағы Қазақстан мен АҚШ-тың өзара ықпалдастығына арналған үш отырыс өтті. 

Соңғы жаңалықтар