Қазақстан Қырғызстанмен тату көрші қатынасын үнемі қолдайды - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазаАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Санат Көшкімбаев қазақ-қырғыз шекарасында тасымалданып жатқан өнімдерге бақылау жүргізуге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қырғызстан ЕАЭО құрамына ене отырып, Қазақстан тарапынан өз экономикасына демеу таба білді. Сол кездің өзінде Қазақстан тарапынан фитосанитарлық, ветеринарлық бақылау мәселелерін, кедендік әкімшілендіру ережелері туралы сөз қозғалған болатын. Бұл туралы кеше ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Премьер-Министрімен кездесуде де айтты», - дейді Санат Көшкімбаев.

Оның айтуынша, барлық сарапшылар сол тұста-ақ айтарлықтай статистикалық қателіктерге назар аударған. Атап айтқанда, Қырғызстанның Қытаймен саудадағы статистикалық көрсеткіштері бір санды көрсетсе, дәл осы тұрғыдағы қытайлық статистика басқа мәліметтерді жариялаған.

«Көптеген сарапшылар, қазақстандық өндірушілер, қауымдастықтар нақты нормативтерді енгізу қажет екені туралы сөз қозғаған болатын. Қазақстан тарапы достық қарым-қатынасты, тату көршілік пен серіктестікті ескере отырып, қырғыз экспорттаушыларының бұзушылықтары секілді көптеген мәселелерге көз жұма қарап келген. Бұл да өз кезегінде қырғыз экономикасына қолдау білдіру әдістерінің бірі болды. Ол кезде елдің экономикалық және әлеуметтік жағдай ескерілді. Әрине, мұның бәрі қырғыз экспорттаушылары мен өндірушілері өз жұмыстарын тәртіпті ретке келтірер деген сенімде жасалған еді », - дейді сарапшы.

Санат Көшкімбаев қырғыз тауар өндірушілері артылған сенімді жоғалтып алғанын алға тартады.

«Бірінші рет, одан кейін екінші мәрте ұсталғаннан кейін ақыры сенімнің күлі көкке ұшады. Барлық фитосанитарлық шаралар қатаң түрде жүзеге асырылуы керек. Сүт өнімдері, ет, жеміс-жидек және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне шекарада қатаң әрі нақты бақылау жүргізілуі тиіс. Өйткені, ол өнімдер нормаларға сай болу керек. Мәселен, қазақстандық экспорттаушылар Ресей немесе Қытайға ет тасымалдау барысында өте мықты бәсекелік орта болғандықтан, барлық тексерулер мен зертханалық зерттеулерден өтеді. Әрбір мемлекет өз халқының денсаулығын ойлайтындықтан, бұл қадамға баруын өте дұрыс деп есептеймін. Демек, қазақстандық тұтынушылар Қызғызстан экономикасына демеу білдіруді ойлағанымен, қырғыз тарапы мәселелерді шешуге асығар емес. Сондықтан бұл мәселенің жыры әріде жатыр», - дейді ол.

Сонымен қатар, сарапшы Қазақстан тарапы әрдайым Қырғызстанмен достық қарым-қатынасты сақтауға күш салып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл мәселеде қырғыздар жағынан жағдайды ретке келтіру үшін нақты қадамдар жасалса жөн болар еді. Оларда қашан да парламенттік немесе президенттік сайлау екен деп мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Қырғыз тарапы әрдайым мәселелерді шешудің орнына, туындаған жағдайды ақтауға тырысады. Сондықтан тәртіпті ретке келтіріп, ұзақ мерзімді, тұрақты және өзара тиімді қарым-қатынасты орнататын уақыт келді деп ойлаймын», - деп түйді сарапшы.

Фото kisi.kz

Соңғы жаңалықтар