Қазақстан Корей түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптесімізге айналды - Дональд Трамп

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Қазақстан Корей түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде АҚШ-тың сенімді әріптесіне айналды. Бұл туралы бүгін Ақ үйде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екеуара кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Корей түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптесімізге айналып отыр. Біз бірлесіп Солтүстік Корея режімінің әлемге ядролық қару қаупін төндіруінен қорғай аламыз. Президент Назарбаевқа Ауғанстандағы әрекетімізге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Қазақстанның ДАИШ және Талибан содырларымен күресте маңызды логистикалық қолдау көрсетуін жоғары бағалаймын», - деді ол.

Сонымен қатар Трамп Қазақстанның ауған жастарының білім алуына жағдай жасауын, елдегі қауіпсіздікті нығайтуға белсене көмек көрсеткенін жоғары бағалайтындығын баса айтты.

«Біз Қазақстанды көршілеріне құрметпен қарайтын, өз тағдырына, өзіне жауапты егемен ел ретінде есептейміз. Президент Назарбаев 2050 жылы Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар елдегі бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасалғанын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде америкалық компаниялардың Қазақстанды тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Америкалық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша алдыңғы қатарда. Екі арадағы сауда және экономикалық байланысты нығайту мақсатында Н.Назарбаев АҚШ-тың іскерлік топтарының өкілдерімен кездеседі. Біз сауданың екіжақты және әділ болуы керек екеніне келісеміз», - деді АҚШ Президенті.

Фото авторы: Бауыржан Жуасбаев

Соңғы жаңалықтар