Қазақстан газын Қытайға экспорттауды бастау өте маңызды оқиға - Мыңбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан газын Қытайға экспорттауды бастау өте маңызды оқиға. Мұндай пікірді бүгін қазақстандық газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Қазақстанның газын Қытай Халық Республикасына тасымалдаудың басталуы рәсімі өтуде. Осы күнге дейін біздің газ Қытайға жеткізілген емес.  Түрікмен, өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеп келген болатынбыз. Өткен жылдың желтоқсан айында Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры аяқталғаннан кейін газымызды Қытайға тасымалдауға мүмкіншілік алып отырмыз. Осы  үлкен жұмыстардың барлығы Елбасының тапсырмасы болатын. Бұл тапсырмалар уақытында атқарылды», - деді ол.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың шілде айында Астанаға ҚХР басшысы Си Цзиньпинь сапармен келіп, сол кезде Қазақстан газын Қытайға экспорттау туралы меморандумға қол қойылған.

«Осы жылдың 30 қыркүйегінде келісімшартқа қол қойылып, бүгіннен газ тапсымалдау басталды. Бұл еліміз, экономикамыз үшін өте маңызды оқиға. Өйткені, осы күнге дейін Қазақстанның газы Ресей арқылы тек қана Еуропаға қарай  тасымалданатын. Ал әртараптандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін қосымша мүмкіншіліктер  пайда болды», - деді Сауат Мыңбаев.

Айта кетейік, рәсімге ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Рустам Сулейманов қатысты. 

Соңғы жаңалықтар