Қазақстан дипломатиясына ширек ғасыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1992 жылдың 2 шілдесінде Елбасының Жарлығымен еліміздің Сыртқы істер министрлігі құрылған сәттен бері 25 жыл бойы бұл салада табан аудармай еңбек етіп, Қазақстанның дипломатиялық қызметінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтар баршылық. ҚазАқпарат солардың бірі Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Мұхтар Кәрібайдың ширек ғасырлық тарихы бар Қазақстанның дипломатиялық қызметіне арналған мақаласын оқырман назарына ұсынады.

***

Бүгінгідей дүбірлі дүниеде алып қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан халықаралық қоғамдастықтың қабырғалы мемлекетіне айналған Ұлы Дала елі - Қазақстанның тәуелсіздік жылнамасының салмақты, салтанатты оқиғасы - отандық дипломатия қызметіне ширек ғасыр. Ең алдымен, ол «еңку-еңку жер шалып, егеулі найзасы қолынан түспеген» асыл текті ата-бабаларының қасиетті қарашаңырақ мекенінде тәуелсіздігінің туын желбіреткен қазақ халқының ұлы жеңісі, мәңгілік мәртебесі.   

Ширек ғасырлық күрделі әрі есею жолынан өткен Қазақстан дипломатиясының барлық толайым табыстары мен ірі жеңістері Елбасы, Ұлт лидері, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Тәубесінен торығуы басым болған тоқсаныншы жылдары тоталитарлық жүйенің жойқын қыспағынан енді ғана шыққан жас республиканы тарихи қысқа мерзім ішінде дүниежүзілік қоғамдастықтың терезесі тең, мүмкіндігі кең мемлекеті дәрежесіне көтерген Қазақстан лидері қазіргі заманның ең танымал да беделді, ықпалды саясаткерлерінің биік шоғырында тұрғандығы кәміл.

Алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен біздің ұлы жұртымыз елдігін орнатып, оны көздің қарашығындай сақтап, еңсесін тіктеудің сан ғасырлық ұзақ сапарында әрбір белестегі ұрпақтар бетпе-бет келген қилы замандарды бастан өткерді. Кешегі хандар мен батырлардың байрағын құлатпау үшін тарих сахнасына Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып пен Мағжандар бастаған Алаш қайраткерлері, Кейкі, Ұзақ, Жәмеңке, Оспан сынды халық батырлары ХХ ғасыр әкелген кер заманда елдіктен айырылмау ісіне бастарын тікті, олардың өшпес рухы Алматы, 1986 жыл, Желтоқсанда шыбын-жандары шырқырап, лүпілдеген жас жүректерін жалаңаштап аязды Алаңға алып шыққан жастардың жарқын бейнесінде қайта жаңғырды.

Осылайша, тарих толқындарына сан мәрте құлаш ұрған қайсар ұрпақтарымыз тәуелсіз мемлекетін тұғырына көтерудің ұлы миссиясын абыроймен орындады. Кейде ғасырдан да ұзақ күндердей көрінетін, қысқа мерзім ішінде еліміздің іргесі бекіп, еңсесі биіктей түсті - сыртқы саясатта, экономикалық дамуда, әлеуметтік нығаюда өзекті жетістіктерге қол жеткізілді, мәдени-зиялылық өмірде өлшеусіз өрлеу жүзеге асуда.

Қазақ дипломатиясы Көк туымызда бейнелеген мұзбалақ қырандай топшысы бекіп, қанаттары қатайып, жан-жағын жалт-жұлт еткен өткір де қырағы жанарымен барлап, шырқау биіктерге талмай ұмтылатын тегеурін танытуда. Әлбетте, бүгінгі жетістіктер оңайлықпен келген жоқ. Талай-талай қиын-қыстау сәттерден, сын-сынақтардан өтіп, ол аз десеңіз, бәсеке-тайталастарды еңсеруге тура келді. Бұл мерзімде күн тәртібінде дипломатиялық құралдар арқылы әлемнің ықпалды күштері арасындағы теңдікті сақтай отырып, стратегиялық мүдделерімізді қамтамасыз етудің өміршең талаптары тұрды. Еліміздің о бастан таңдап алған сыртқы саясаттағы көпбағыттылық ұстанымы - Қазақстанның әлем картасындағы геосаяси орналасуынан туындаған табиғи қажеттілігі болатын. Мұндай сапарымыздың оң, үміт-ниеттеріміздің ақ екендігін уақыт өзі көрсетті.

Иә, егемендігіміздің Шолпан жұлдызы туған шағында еліміздің алдында саяси әдістер арқылы әлемнің ірі державаларының Қазақстанда және аймақта бір-бірімен тайталассыз, қайшылықсыз болуын қамтамасыз етудің ауқымды міндеттері тұрды. Ол үшін ішкі тұрақтылық пен келісімді көздің қарашығындай сақтап, сыртқы әлемге қоғамның оң келбетін таныту, қолайлы ахуал қалыптастыру қажет еді.

Бұл тұрғыда елді танытушы лауазым иесі ең алдымен дипломаттар, ел аманатын арқалаған елшілер болатыны о бастан мәлім. Тәуелсіз  мемлекет құрудың тар жол тайғақ кешуіне түскен шақта, кәсіби маман-кадрлар тапшылығы алдан шыққан көп түйткілдің бірі еді. Әсіресе сыртқы істер министрлігін түбегейлі жаңадан құрып, шет елдерде дипломатиялық өкілдіктер ашудың үлкен міндеті тұрды. Алғашқы елшілерді мемлекет, қоғам қайраткерлері арасынан тағайындау қажеттілігі - сол кезеңдегі заман талабынан туындады. Ол азаматтардың әртүрлі салалардағы басқару  ісіндегі мол тәжірибесі  мен ұлтжандылық, отаншылдық қасиеттері сыртқы дипломатиялық корпустың іргетасын қалап, кезең-кезеңімен керегесінің кеңеюіне жол ашты.

Әңгіме арқауы болып отырған жылдарда өз кәсіби дипломаттарымыздың  бірнеше буыны қалыптасты. Ең алдымен олардың көшбасында Кеңестік дипломатияның кермек дәмін татып үлгерген, дербестігін алысымен елге оралып, қайраткерлік, азаматтық парыздарын атамекен мүддесі үшін абыроймен өтеген, өкінішке орай бірқатары бүгінде арамызда жоқ, ардақты аға буын өкілдерінің, сондай-ақ ресми қызметін аяқтаса да, ұстаздық ұлағатын жалғастырып, қоғамдық салада бай тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан ардагер аға-әпкелерімізді әрдайым терең құрметпен, мақтанышпен айтамыз. 

Алғашқы жылдары жаңадан құрылған жас министрлікті, дәстүрлі тәжірибесі жоқ тың саланы жоқтан қалыптастырып, оны басқарудың ауқымды міндеті Ақмарал Арыстанбекова, Төлеутай Сүлейменов, Қанат Саудабаев сынды қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі азаматтарға аманат етіліп, мекеменің қалыптасып, қанат жаюына олар өлшеусіз еңбек сіңірді. Сындарлы кезеңдерде сыртқы саясат саласына екі мәрте жетекшілік ету тәжірибелі дипломат Ерлан Ыдырысовқа, қарымды мемлекеттік қайраткер Марат Тәжинге, кәсіби өсу жолдары министрлік қабырғасында өткен Ержан Қазыхановқа, мінеки қазіргі уақытта, ендігі тәуелсіз қазақ дипломатиясының қазанында қайнап шыққан жас та жігерлі Қайрат Әбдірахмановқа сеніп тапсырылды.

Сыртқы саясат ведомствосының кәсібилік һәм зиялылық келбетінің қалыптасуына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Елбасының сенімді серіктерінің бірі, ұзағынан екі мәрте Сыртқы істер министрі, тарихта қазақ баласының мәртебесін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейінде мойындалу мәртебесіне көтерген, дүниежүзілік ауқымдағы танымал саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімін айрықша атағанымыз абзал. Мұнымен бірге отандық дипломаттардың бірнеше буыны Қ.Тоқаевтың халықаралық қатынастар саласының сан қырларын көрнекі де көркем жеткізе білген, әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған құнды еңбектерімен тәрбиеленіп өскені де бөлек баянның тақырыбы.

Біз үлкенге құрмет, ініге ізет дейтін кең  пейілді ұлттың өкіліміз. Осы орайда алдыңғы ағаларымыздан естіген мына бір ұлағатты оқиға еске түседі. Ертеректе құрамында қазақтың ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтпаев бар кеңестік делегация Ұлыбритания еліне сапармен барады. Сонда оларды қабылдаған атақты Уинстон Черчилль делегация мүшелерінің ішіндегі аса бойшаң, ірі қазақ ғалымын көріп, «Қазақтардың барлығы сіздей биік пе?» деп сұраған көрінеді. Сонда Қаныш ағамыз, саспастан: «Жоқ, менің халқым менен де биік», - деп, тәкаппар ағылшындарды аң-таң қалдырған екен.

Мінеки, қандай ел болмасын, ең алдымен қарапайым халық мүддесін бәрінен жоғары қойып, өткенін құрметтеп, бүгінін бағалай алмаса, ертеңгі болашағы бұлыңғыр болуы қазіргі әлемдегі айналамыздағы, тіпті аузын айға білеген кәрі құрылықтың өзін шайқалта бастаған қайғылы оқиғалардан нақты көрінуде. Еркіндік пен азаттықты аңсаған бабаларымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман үшін алдымен сөзбен, мәмілегерлік жолымен, ондай болмаған ахуалда ғана ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жан аямай күресіп, тек қана ұлы жеңістерге ұмтылғаны жадымызда.

Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқай "Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар  болады" деп жиі айтып отырған екен. Ендеше, елдің тағдыр-талайы қызмет-мансабын ұлт мұратымен ұштастыра білетін арқалы азаматтарының парасат пайымымен тікелей сабақтас. Мемлекет өміріндегі бетбұрысты кезеңдерде тығырықтан алып шығарлықтай батыл шешімдер қабылдауға қабілетті қарымды тұлғалардың еңбегін терең ілтипатпен еске алып отыруымыз да сондықтан. Өткен ширек ғасырлық кезеңде отандық дипломатия саласындағы кәсіби сабақтастықтың айқын белгісіндей, білікті кадрлардың бірнеше толқыны сахнаға шығуда. Бұл орайда киелі шаңырақтың табалдырығын енді аттаған кейінгі жас буынның көңіліне тоқи жүруі үшін, үлкен ұжымның ортан жілігі ішіндегі белгілі, үлгілі дипломат өкілдері Айгүл Құспанның, Желтоқсанда шыңдалған, тәуелсіздікте толысқан Ырысқали Дәуренбектің, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай бірегей Бабур Жақауұлы, Министрліктің тірі мұрағаты дерлік Ілияс Омаров әріптестеріміздің есімдерін атауымыз лайықты.

Бүгінгі қас қағымда өзгеріп жатқан күрделі әлемде бағыты бұлыңғыр тарихи кезеңдердің басталуы, әсіресе халықаралық саясатта кеше ғана шекарасы берік, іргесі бүтіндей көрінген дербес мемлекеттердің күтпеген жерден ішкі берекесі кетіп, шаңырағы шайқалып отырғанына да жиі куә болудамыз. Мұндай қасіретті жайттардың түп-төркініне үңілгенде, елдің елдіктен айырылуының басты себептерінің бірі - ұлттық бірліктің, ұлыстық тұтастықтың қалыптаспағандығынан туындағаны көрінуде.  Демек, бір елдің ішінде өмір сүргенімен, белгілі топтардың бөлек аймақтарда шоғырлана орналасуы, әртүрлі тілдерде сөйлеп, өзгеше әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діни наным-сенім ұстануына мән берілмеген. Ол аздай, мүдделі сыртқы күштер бұлардың арасында мемлекеттің ресми идеологиясынан басқа, әдетте, мүлде қарама-қарсы ұстаным мен көзқарасты қолдан келген барлық тетіктерді пайдалану арқылы тарата бастайды. Ақырында, елдік тұтастықтан айыруға, ең өкініштісі ешбір жазығы жоқ қарапайым бейбіт тұрғындардың қисапсыз қырғыны мен орасан зардап шегуіне әкеліп соғатын ішкі жанжал, түбінде азаматтық соғыс оты тұтанатындығына көз жетуде.  

Адамзат дамуының беталысын, тарихтың ағымын һәм уақыт тынысын әрдайым кәміл сезініп отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мемлекетіндегі қазақ қоғамының бүгінгі келбеті мен келешекке енуінің күретамырлы жайттарын айқын анықтаған маңызды бағдарламалық құжат мағынадағы жақында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында, еліміздің дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас толыққанды мүшесі болғандығынан, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арыла отырып, ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарын мансұқтау арқылы жаңғыруды ұсынғаны мәлім. Құжатта тұжырымдалғандай, «керегемізді кері тарттырып» тұрған кейбір келеңсіз жайттар: жең ұшынан жалғасқан жершілдік, тамыр-таныстық тәрізді өткен замандардың тозған әдеттерінен арылуды тапсырып, «жаңғыру ұлттық-рухани тамырдан нәр ала алмаса, адасуға бастайтынын» анықтап берді.

Бізге Тәуелсіздік әкелген ең ұлы, ең маңызды жеңісіміздің қатарында Адам, ұлт, ел болып қалуымыздың бірден бір белгісі, ана сүтімен бойымызға сіңген, басқа баламасы жоқ асыл қасиетіміз - Ана тіліміздің сақталып, санамыздың қайта оянуы екендігі талассыз ақиқат. Бұл абыройлы істе Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың алдыңғы қатарынан көрініп, іс-қағаздарын толық мемлекеттік тілге көшіруін мәлімдеуге тұрарлық. Өз күшімен бірнеше оқулықтар, сөздіктер шығаруды қолға алған министрліктегі осынау ұлағатты іске үзбей жанашырлық танытып келе жатқан қадірменді Сайлау Батырша-ұлы ағамыздың ізімен, Елші Қайрат Сарыбай, Президенттің көмекшісі Нұрлан Онжановтың жауапты қауырт қызметтік міндеттерімен қатар, азаматтық, ұлтжандылық ұстанымдарына әрдайым беріктік танытуы - баршамызға жарқын үлгі.

Сапалы кадр-мамандар дайындау тақырыбына орала отырып, бұл орайда жас дипломаттардың біліктілігін арттыруда орасан маңызы бар Дипломатиялық академияны қалпына келтіріп, министрліктің құзыретіне қайта алынуы өзекті деп білер едік.   

 Біз бұл шағын баянымызда даңғыл жолға түскен дала дипломатиясының сара жеңістері туралы түбегейлі шолу жасауды көздеген жоқпыз. Өйткені, ел мүддесі үшін әралуан әлем жұртшылығымен тиімді тіл табысуды көздейтін сыртқы саясаттың сан саласы жайында көп томдық кітаптар жазылар талай. Алғашқы сәттерден осы салада табанды һәм үздіксіз қызметінде жүргендіктен де, өзіндік сыры мол, ең алдымен жан-жақты білімді, парасаттылық пен ұлтжандылықты, ана тіліңе, ата жұртыңа мәңгілік жоғары құрмет танытуды талап ететін айрықша қызметтің 25 жылдық жауапты кезеңінде Қазақстан дипломатиясының тағлымды жайттары, күнгейлі келбеті турасында патша көңіл оқырманмен ой бөлісуді жөн көрдік. 

Соңғы жаңалықтар