Қазақстан ДЭФ рейтингінде неге төмендеді - Энергетика министрлігінің жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігі Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі нәтижелерімен келіспейтіндерін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 2017 жылы аталған рейтингтің электрмен қамту сапасы индикаторында Қазақстан 4,6 ұпай жинап, Руанда Республикасымен (4,4 ұпай) қатар 82 орын алған еді.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл индикатор сауалнама жолымен анықталады. Яғни, респондентке «Еліңіздегі электрмен қамту сапасын қалай бағалар едіңіз?» деген сұрақ қойылады және 1-7 ұпай аралығында бағалау мүмкіндігі беріледі.

«Шынымызды айтсақ, бұл сауалнамамен келіспедік және ДЭФ индикаторлары бойынша өз сауалнамамызды жүргіздік. ДЭФ барша Қазақстан бойынша 86 респонденттен ғана жауап алған. Ал біз 2 700 адам арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде 7 ұпайдан 5,6 ұпай жиналды. Бұл шамамен Польша деңгейімен шамалас. Астанаға келсек, қаладағы электрмен қамту сапасы өте жоғары», - деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Абай Шаңғытбаев астаналық кәсіпкерлермен кездесуде.   

ҚР Ұлттық экономика министрлігі келтірген деректерге сәйкес, Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіне 12 жылдан беріп қатысып келеді. Өткен жылы Қазақстан 138 мемлекет арасынан 57 орынға тұрақтады. 2018 жылы 45 орынға дейін көтерілу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар