«Қазақфильмнің» бұрынғы басқарушы директорын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» АҚ-ның экономика және қаржы бойынша экс-басқарушы директоры Гаухар Ысқақованы қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Гаухар Ысқақованы қамауда ұстау мерзімі 17 ақпанға дейін ұзартылды», деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро «Феникс» көркем фильмін түсіруге бөлінген бюджет қаржысының талан-таражға салынғанын анықтаған болатын.

Тергеу барысында «Қазақфильм» АҚ «Т.К.Turan Universal Busines» ЖШС-не фильмнің дайындық және алдын ала дайындық кезеңіне 79 млн теңге аударғаны белгілі болды. Оның 69 млн теңгесін фильм продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов өзі құрылтайшы болып табылатын «Т.К.Turan Universal Business» ЖШС арқылы жымқырғаны көрсетілді. Ақша мердігер ұйымдар арқылы қолма-қол ақша ретінде алынып Жаманқұловқа берілген.

Сонымен қатар, бұл іске «Қазақфильмнің» экономика және қаржы саласы бойынша бұрынғы басқарушы директоры Г.Ысқақова мен фильмнің атқарушы продюсері Н.Юдининаның да қатыстылығы дәлелденіп, оларды тұтқындауға сот санкция берген.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 2 қарашасында жоғарыда аталған қаражатты жымқырды деген күдікпен Тұңғышбай Жаманқұлов ұсталған.

3 қараша күні Жаманқұлов шығынды бөліп қайтарды. Оның егде жаста екендігі, сондай-ақ, кепілге мүлік қойылғандығы ескеріліп, сот тарапынан оған қатысты «кепілдік» бұлтартпау шарасы қолданылған.

Соңғы жаңалықтар