Қазақ тіліндегі 100 оқулық жобасына шетелдегі қазақ ғалымдары қызығушылық танытуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тіліндегі 100 оқулық жобасына шетелдегі қазақ ғалымдары қызығушылық танытуда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Ирландияның Дублин университетінің оқытушысы Кесижи Өзгежан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулық»  жобасы қолға алынуда. Бұл жобаға қатысуға біз, шетелдегі қазақ ғалымдары зор қызығушылық танытып отырмыз. Себебі біліміміз бен тәжірибемізді қазақ елінің игілігі үшін жарату біз үшін зор мәртебе. Қазақстан латыншаға көшкеннен кейін бұрын криллица мен төте жазумен шыққан құнды дүниелер латын әліпбиінде басылып, бәріміздің ортақ қазынамызға айналады деген үміттеміз», - деді ол.

Оның айтуынша, әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан қазақ жастары Интернетте порталдар ашып, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүріне адал қызмет етуде талпынып жатыр.

«Соларға барынша қолдау жасалса деген тілегім бар. Мағжан бабамыз 1911 жылы былай деген еді: «Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, Кілтін өнер-білім ашып жатыр. Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп, жалтырап көктен нұрын шашып жатыр». Халқымыз бір ғасыр бұрын өзгелерге осылай қызыға қараған. Қазір басқа елдер Қазақстан туралы осылай айтады. Білімі, ғылымы алға қарай даму үстіндегі Қазақстан аспан кілтін ашып жатқандай күйге жеттік», - деді Кесижи Өзгежан.

Соңғы жаңалықтар