Қазақ мәдениеті әлемге танылуы үшін ұлттық бояуы қанық дүниелерді көбірек шығару керек - Әсия Бағдаулетқызы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болу қажеттігіне үндеген болатын. Бұл үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруды ұсынды. Әлбетте заманауи мәдениетке қатысты қазақстандық жас мамандардың өзіндік пікірі қалыптасып жатқаны шындық. Осы орайда, қазіргі күні Лондондағы «Queen Mary» университетінде «Film Studies» (кинотану) мамандығы бойынша білім алып жатқан, журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдаулетқызымен сұхбаттасудың реті келген еді.

- Әсия, Президент Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" деген мақаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұсынылды. Осы ретте шет елде білім алып жатқан жас ретінде бүгінгі Еуропа жұртына біздің қандай ұлттық мәдени, әдеби брендтеріміз өтімді болар еді деп ойлайсыз?

- Шынымды айтсам, осындай «не істеу керек» деген сұрақтарды ұнатпаймын. Өйткені, данышпан емеспіз, бола қалған күннің өзінде біздің айтқанымызға құлақ асып, бұлжытпай орындайтын адам бәрібір табылмайды. Өнердің бөліп жаратыны жоқ, қай саласы да насихаттауға тұрады, насихаты дұрыс болған жағдайда аудиториясын табатыны да анық. Дегенмен, айтпаса да түсінікті жағдай, ең алдымен (аударманы қажет етпейтін) ұлттық музыка тарапында ойлануымыз керек. Бұл біздің дәстүрлі музыкамыз ғана емес, кәсіби қазақ композиторларының қазақ тақырыбында жазған формасы мен жанры әр түрлі шығармалары да. Бізде осыған дейін «ойбай, қазақты танытты» деген талантты музыканттар әлемнің небір сахналарында өнер көрсетті. Бірақ олар батыстың музыкасын батыс пен шығыс тыңдарманына жеткізген орындаушылар ғана еді. Енді осы таланттарымызды қазақ шығармаларын орындауға жұмылдыру керек. Батыстағы әйгілі опера балет театрлары, концерт залдары батыс шығармаларын қоятыны түсінікті. Өйткені, батыс шығармаларына сұраныс бар, өздеріне етене таныс классика қашан да тыңдарманын табады. Бірақ тиісті жарнама болған жағдайда қазақ ұлттық өнеріне де аудитория жинауға болады. Біріншіден, қазақ деген олардың көпшілігі үшін бейтаныс, жаңа есім, тіпті экзотикалық болып көрінуі мүмкін. Сондықтан ұлттық бояуы қанық дүниелер алдымен баруы керек. Дәстүрлі ән, күй, ұлттық опера, симфониялар, соның ішінде Еділ Құсайынов сияқты өз бет-бейнесі қалыптасқан авторларды танытуға күш салу керек.

- Елбасы мақалада «АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде» деген болатын. Насихат үшін бұл саланы да дамыта түсу керек болар? Жас кинотанушы әрі осы салада шетелде білім алып жатқан маман ретінде айтарың бар ма?

- Әрине, кино халықты танудың ең оңай әрі төте жолы. «Oxford History of World Cinema» (2009) кітабына сенсек, Жапониямен текетірес жылдарында АҚШ бірден жапон киносын зерттей бастапты. Жапонияда ХІХ ғасырдың аяғында-ақ, Еуропамен қатар кино өнері дами бастады, бірақ жапон неореализмінің аспанға көтерілген дәуірі Куросава, Мизогучи, Озу дәуіріне сәйкес келді. Демек, қызығушылық болды, оған жауап беретін ұсыныс соған сәйкес келді. Қазақ киносында да көрсетуге, танытуға тұратын режиссерлер бар. Мен бұл жерде «Мың бала» мен «Көшпенділер» туралы айтпаймын. Өйткені, туындының қазақ тарихы тақырыбында болғаны азшылық етеді, ол кино ретінде қызық болуы керек. Өзіндік үні, бояуы, жылдамдығы, акценті болуы керек. Қазақстанда ізденімпаз автор, режиссерлер бар, оларды таныта алсақ, жоғарыда аталған «Oxford History of World Cinema» кітабының келесі бір басылымдарында қазақ киносы жайлы бөлім пайда болуы мүмкін... Ал қазір жекелеген режиссерлер жүлде алғаны болмаса, батыстың ресми кинотану ғылымы қазақ киносы туралы үнсіз.

Жоғарыда айтылғандай, өнердің қай саласы да бейнелеу өнері, қолданбалы өнер, театр, музыка, кино, әдебиет, т.б. егер сондай мақсат қойсақ, шет елге таныстыруды қажет етеді. Олардың әрқайсысының өзіндік жолын табу керек. Бір адам емес, әр сала бойынша жұмыс топтары құрылып, ұсыныстарын ортаға салуы керек шығар. Және ең бастысы, асығыстықтан абай болсақ екен. Өйткені естеріңізде болса, науқаншылдыққа салынып, асығыс-үсігіс бірдеңелер жасаймыз да, кейін бүкіл ел болып ұялып отыратын кездеріміз болған.
null 

- Сіздіңше, сырт көз сыншы ретінде қазіргі уақытта біздің болмысымызды көрсететіндей жаңа замандағы мәдени бет-бейнеміз қалыптасып үлгерді ме? Немесе қалай қалыптасып жатыр? Мұны сұрап отырғаным, Президент сол мақаласында медиамәдениетті шешендер емес, өмірден алған оқиғалар қалыптастырады деп жазған болатын.

- Қалыптасып үлгерді деп айта алмаймын. Қазақтар әлі де тың, бейтаныс халық, Қазақстан әлемдегі көпшілік үшін көп «станның» бірі. Ұлыбритания қазақ студенттері ең көп оқитын ел ғой, онда сырт кейпіне қарап қазақтарды алдымен қытай, не жапон деп ойлайды. Кейін қазақ екенін білгенде, мысалы, үйді жалға берушілер қуанып кетеді. «Қазақтар үйді таза ұстайды» дегенді қайсысы да айтады. Сол сияқты, ұстаздар қазақтардың тіл үйренуге қабілеттілігін, зеректігін біледі. Сол сияқты, еуропалықтар ақша мәселесіне аса ұқыпты келеді, бұл тұрғыда қазақтардың жомарттығы мен мәрттігіне, қонақ шақырғанда «тым көп» тамақ дайындайтынымызға, отбасындағы әйел мен ер адам рольдерінің өзгермей келе жатқанына да таңданыспен қарайды.

Және шет елде жүрген намысы бар әр қазақ студенті, тіпті әр қазақ турисі не кәсіпкері бүтін бір мәдениеттің өкілі екенін түсініп, ең жақсы қырынан көрінуге тырысатындай. Солай болуға тиіс те, өйткені бір адам бүкіл ұлт туралы ұғым түсінікті қалыптастырады. Сіз, мәселен, Ұлыбританиның ең батысындағы бір шағын ауылда тұратын уэлштің бүкіл өмірінде көрген және көретін жалғыз қазағы болуыңыз мүмкін. Ол өмір бойы қазақ туралы айта қалса, сізге қарап сипаттама береді.

- Жаһандық мәдениетке қазақ әдебиеті мен мәдениетін таныстырамыз деген биік міндет қойып отырмыз ғой. Оқырман, көрермен талғамы әртүрлі дегенмен, біздің қазіргі заман ақын-жазушылары шет ел оқырманына «тың алаң» (жаңа әлем) ретінде қызықты болады деп ойлайсыз ба? Мәселен, шет ел оқырманына қандай әдеби туындыларымыз, кейіпкерлеріміз қызықты болар еді?

- Жалпы, батыста поэзияға деген сұраныс та, талап та біздегідей емес. Ал прозада, шыны керек, біз «Улисс», «Айқай мен ашу» секілді дүниелері жазылып қойған әлемді формамен таңқалдыра алмаймыз. Дамушы халықтар ұлттық колоритімен ғана емес, бүкіладамзаттық ой айта білгенде ғана басқаны елең еткізе алады. «Шетелге қызықты болудан» бұрын бізге (егер сұрақ қазіргі заман қаламгерлері туралы болса) өз оқырманымызға жетудің жолын қарастыру керек. Кітап басу, тарату, сату жүйесі реттелмейінше, замандас жазушыларымызда тың дүниелер жазуға стимул болмайды. Көпшілігінде шығармашылыққа ден қоюға мүмкіндік те жоқ. «Тың алаң» ретінде қызық болуы үшін Қазақстанның, оның мәдениетінің жарнамасы мықты болуы керек. Біздің әдебиет жалпылай алғанда ұлттық әдебиет болып отыр. Кейбір шығармалардың идеялық маңызы, жоғалып кетпесе де, өзге тілде сөйлегенде солғын тартуы мүмкін, кейбір шығармалар шетелдіктерге мүлдем түсініксіз болуы ықтимал. Мәселен, басқа ұлтқа тұрмысқа шыққаны үшін қызын атып өлтіретін намысшыл қазақ туралы шығарма біз үшін маңызды, бірақ батыс оқырманы үшін ксенофобиямен бірдей әсер етуі де мүмкін. Олар мүлде басқа түсініктермен өмір сүреді.

Теңдік үшін күрес, езгідегі халықтарға, топтарға әділет әперу, адамның бостандығы сияқты мәселелер қашан да маңызды. Сондықтан, менің ойымша, шетелде тоталитарлық жүйеніәшкерелейтін шығармалар сұранысқа ие болуы кәдік. Сол сияқты, қазақтың дәстүрлі тұрмысы, мәселен саятшылық, аңшылық, киіз үйдегі өмір батыс жұртшылығы үшін қызық. Британдықтан түсірген Баян Өлгийдегі бүркітші қыз Айшолпан туралы Eagle Hunter деген деректі фильм, мәселен, былтыр Ұлыбританияда әжептәуір касса жинады. Осындай киіз үй, жайлау сияқты дәстүрлі кеңістікте өрбитін, бірақ адамзаттық деңгейдегі тартыстарды бастан кешіп жатқан кейіпкерлер туралы шығармалар қызығушылық тудыруы мүмкін.

- Әсия, осы сұрақты кеңірек тарқата түссек, себебі енді біз тәржімә мәселесіне ден қойғалы отырмыз ғой. Көркем аударма қайтадан ауызға іліне бастады. Қазір түрік, араб, қытай тілдеріне, арасында еуропа тілдеріне қазақ оқырмандарын аударып та жатыр. Соның ішінде, француз тіліне аударылған (Ғ.Мұқанов-аудармашы) Абай шығармалары жоғары бағаланған. Әуезовтің «Абай жолы» кеңес кезінде өз бағасын алды. Ал, кейінгі уақытта Рақымжан Отарбаев, Мұхтар Шаханов (қытай тіліне), Нұрлан Оразалин, Олжас Сүлейменов сынды араб, түрік, Ғалым Жайлыбай сияқты ақын-жазушыларымыздың шығармалары аударылып жатыр. Сіздіңше, қазақ әдебиетін енді танып бастаған шет елдік оқырман үшін барынша классикамызды таныстырған абзал ма, әлде қазіргі заман ақын-жазушылары арқылы кеңестік дәуірде қалыптасқан образдарды көрсеткен дұрыс па?

- Сіз айтып отырған «Кеңестік дәуірде қалыптасқан образдар» бәрі болмаса да, басым бөлігі - соцреализмнің жемісі. Мойындасақ та, мойындамасақ та, ол шығармалардың біразының идеялық мазмұны шет ел түгілі, қазақтың өзі үшін актуалді емес. Әрине, мойындалған, классикалық туындылар бар, «Абай жолын», «Қан мен терді», «Аласапыранды», «Шақан Шеріні», т.б. кімге болса да ұялмай оқытуға болады. Жалпы алғанда, кешегі Мұхтар Әуезовтен бастап, бүгінгі Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин сияқты аға жазушыларды алға тартсақ ұтылмайтынымыз анық.

- 100 оқулық аударғалы жатырмыз, сіздіңше қандай бағалы кітаптарды қазақ тілінде сөйлету керек?

- Біздің саламыз бойынша аударуға сұранып тұрған беделді басылымдар жетерлік. Басқасын былай қойғанда, жоғарыда аты аталған «Oxford History of World Cinema», «Oxford History of Art» сияқты сериялар қазақ тілінде сөйлеуі керек деп санаймын. Сосын, бізде продюсерлерге, киносценаристерге, режиссерлерге, операторларға, т.б. арналған «guide-book», нұсқаулық кітаптар көптеп аударылғанын қалар едім. Мысалы, жаңадан бастаған сценаристерге жол көрсете алатын John Trubyдің «The Anatomy of Story», Blake Snayderдің «Save the cat!», Robert McKeeдің «Story», Syd Fieldтің «Screenplay: The foundation of screenwriting» сияқты көптеген еңбектерді атап айтуға болады. Басқа да, өзімнің қолым жетпеген кітаптар бар екені күмәнсіз. Ерек туған тұлғаларға сценарийді қалай жазып, киноны қалай түсіруді үйрете алмассыз, бірақ орташа потенциалды еселеп, шығармашылық өнімдердің сапасын сәл-пәл болса да көтеруге септесетін еді деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. 

Соңғы жаңалықтар