«Қазақ хандығы» телехикаясы 19 наурызда көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде отандық телеарнадан тамашалауға болады, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі .

Наурыз мерекесіне орай 19 наурызда «31 телеарнада» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-ның қатысуымен түсірілген «Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады.

Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша  жазылған. Фильмнің режиссері - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашев.

 - Хикаяның кино нұсқасы - «Алмас қылыш» фильмі кейбір отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. «Қазақ хандығы» сериалында фильмге кірмей қалған тартымды эпизодтар мен қызықты оқиғалар өте көп, сондықтан да бұл хикая көрермендердің көңілінен шығатынына күмәнім жоқ, - деді режиссер Рүстем Әбдірашев.  

«Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде, наурыздың 19 күні сағат 22:00-де «31 арнадан» тамашалауға болады.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақ хандығы» сериалының кино нұсқасы - «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері былтырғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту күндері Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылы  5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн-нан астам қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімнің бір бөлігі «Қазақфильмнің» павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтың сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған. Түсірілім бес айға созылды.

Фильм туралы:ХV ғасырдың орта тұсы. Қара теңіз жағалауынан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылды. Олардың ішінен қазіргі Қазақстанның аумағын жайлап жатқан Ақ орда ерекшеленді. Ақ орда билігі  Шыңғыс ханның немересі,  Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.

1460 жыл. Орда Еженнің ұрпақтары- Кереймен Жәнібектің айналасына біріккен  ондаған мың көшпенділер ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аңызға айналған абыз Асан қайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.

Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. 

Қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашов

Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов

Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов пен Жаннат Баймұқанованың қатысуымен

Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов.

Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш

Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғалиқызы, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Дінмұхамед Ақымов және басқалар. 

Соңғы жаңалықтар