Қазақ экспортын қолдайтын жаңа бағдарлама әзірленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында 2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясы» бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген, атап айтқанда 2015 жылғы шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай екі есеге ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, экспорттық стратегия бойынша жұмыс барысында Қазақстанның соңғы 10 жылдағы экспортына талдау жасалды.

Осы орайда экспорттық операцияларға ықпал ететін ұлттық заңнаманың нормалары мен экспорттаушыларды қолдаудың қазіргі шаралары, Қазақстанның халықаралық келісімдері зерделенді. Сонымен қатар шетелдегі экспортты қолдаудың халықаралық тәжірибесі қарастырылды.

Аталған құжатта сату нарығын бөлу арқылы тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша перспективалық «экспорт себетін» анықтау көзделуде.  Экспорт себетіне экспортталып жатқан немесе экспорттауға ұсынылған жеті саладан 116 тауар енгізілді.

Министрдің атап өтуінше,  тауарларды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталды. Бағдарлама экспорттаушылар үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын көрсетуді, сондай-ақ экспорттың дамуына кедергі келтіретін бөгеттерді жоюды көздейді.

 «Қазақстан Республикасында экспорт жасау рәсімдерін оңтайландыру аясында тауарларды электрондық декларациялауды кеңінен пайдалануды жеделдету қажет. Бұл айтарлықтай бастапқы логистикалық жағдайда тиімді және кедендік ресімдеу шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар