Қайрат Әбдірахманов ҚР Президенті қатысатын БҰҰ ҚК отырысы жайында пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы отырысына байланысты айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат.

«18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болатын Қауіпсіздік Кеңесі отырысының тақырыбы «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деп айқындалды.  Біз төраға ретінде осы шараның тұжырымдамасын ұсындық және оны ҚК-нің барлық мүшелері қолдады. Оның негізіне Қазақстан Президентінің екі құжаты енген, яғни «Әлем. XXI Ғасыр» Манифесті және «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси жолдауы қамтылды. Мақсат - өңірлік шиеленістер үшін саяси шешім табу. Осы тұрғыда қаруды таратпаудың сенім шаралары сенімнің басқа да саяси қадамдарымен қатар жүруі тиіс», - деді министр ҚазАқпарат тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, пікірталас барысында жаппай қырып жою қаруын таратпаудың негізгі мәселелері егжей-тегжейлі қаралатын болады.

Министрдің атап өтуінше, аталған шара «шиеленісті доғару», «жаппай қырып жою қаруын таратпау» және «сенім шаралары» секілді үш тақырыптың өзара тәуелділігі негізінде ұсыныстарды қалыптастыруға көмектеседі.

«Мәселенің мәнісі жаппай қырып жою қаруын иелену үшін ынталандырушы қадамдарды жою бойынша саяси шаралардың кең шоғырын ескереді. Бұған сенімнің жоқтығынан әлемнің түрлі аймақтарында созылмалы шиеленістер мен дағдарыстарды шешу де байланысты болып отыр. Тиісті нақты міндеттерді мүше мемлекеттер алдын ала жариялаған кезде, сенімнің жаңа шаралары аталған қаруды таратпау процесінің бір бөлігі бола алады. Тұжырымдама ядролық және ядролық емес мемлекеттер арасында диалогты жақсартуды көздейді», - деп нақтылады Қайрат Әбдірахманов.

Мұнымен қоса, аталған шара сенім шараларын нығайтудың қадамы ретінде халықаралық шарттарды әмбебаптауға көмектеседі деп күтілуде.

«Бұл ретте Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына, Биологиялық және улы қаруды қолдануға тыйым салу туралы конвенцияға, Химиялық қаруға тыйым салу конвенциясына және басқаларына қатысты болып отыр», - деп түсіндірді ол.

Соңғы жаңалықтар