Қайрат Әбдірахманов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте 28 сәуір күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы  Рекс Тиллерсонмен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қайрат Әбдірахманов кездесуді аша отырып: «Қазақстан АҚШ-пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша маңыз береді және жаңа Әкімшілікпен тығыз өзара іс-қимыл жасауға ниетті», - деді.

Өз кезегінде Р. Тиллерсон Президент Н.Назарбаевтың қуаттылығы бойынша әлемде 4-ші орынды алатын ядролық қарудан бас тартқан тарихи шешімін ерекше атап көрсетті, осы арқылы оның халықаралық қоғамдастықпен  достық қатынастарды дамытуға, саяси және экономикалық тұрақтылыққа, шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған көреген таңдауын дүниежүзі мойындады.

Сұхбаттасушылар қазақстандық-америкалық стратегиялық әріптестікті іс жүзінде іске асыру мәселелерін, сондай-ақ бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп арасындағы телефон арқылы сұхбат барысында айқындалған сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын  талқылады.

Құрама Штаттардың Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы сұхбаттың жеке тақырыбы болды.

Халықаралық күн тәртібіне қатысты оның өзекті мәселелері бойынша, оның ішінде Сириядағы, Ауғанстандағы жағдай, Иран ядролық бағдарламасы мен Корея түбегіндегі жағдай бойынша қызықты пікір алмасу болды. Қ.Әбдірахманов Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы өткір мәселелерді шешуге сындарлы түрде қатысуға дайын екенін мәлімдеді.    

Астана процесіне қатысты қазақстандық тарап АҚШ өкілдеріне ұрыс қимылдарын тоқтату режиміне байланысты сирияаралық реттеудің осы бағытын қолдауды және оған бақылаушы ретінде белсенді қатысуды жалғастыруын табанды түрде ұсынды.

    Қазақстандық сыртқы саяси ведомство  басшысы сұхбаттасушыға 29 тамызда АЭХА-ның Қазақстанда Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) ресми ашылуы жоспарланып отырғанын хабарлады. АҚШ Үкіметі мен «Ядролық қаруды азайту бағдарламасы» Қорының ТБУБ құрудағы үлесін ескере отырып, америкалық тарапқа ресми салтанатқа қатысу үшін шақыру берілді. Жоғары деңгейдегі мүмкіндіктер мен басқа да байланыстар талқыланды.   

Кездесу соңында Р. Тиллерсон  арадағы достық пен жемісті қарым-қатынастарды атап өте отырып, Президент Н. Назарбаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізуді өтінді.  

Соңғы жаңалықтар