Кәсіпкерлер палатасы жерлерінен айырылғалы отырған бизнесмендерге сотта араша түсті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалы аудандағы үш бірдей кәсіпкердің құқығын сотта қорғап, жер учаскелерін сақтап қалды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Қазалы аудандық филиал директоры Ермек Аймахановтың айтуынша, Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы құрылған күнінен бастап 30-дан астам кәсіпкердің құқығын қорғап, тиісті шаралар қабылдады. Бұл ретте, жергілікті прокуратура органдарымен әріптестік қарым-қатынас жүйелі жолға қойылған. Палата жанынан «Прокурор кабинеті» де ашылды.

«Аптасына екі рет кәсіпкерлер біздің ғимаратта прокурормен кездесіп, проблемасын аталмыш орган өкілдеріне де айта алады. Палатадағы Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының кеңесшілері бизнесмендерге құқықтық кеңес берумен қатар, олардың мүддесін қорғап, сот отырыстарына да қатысуда. Мәселен, Қазалы ауданының үш кәсіпкерінің проблемасы бойынша кеңесші Шыңғыс Қадіров Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қатысып, нәтижесінде сот процесі кәсіпкердің пайдасына шешілді», - дейді ол.

Аудандық филиал директоры айтып отырған мәселе мынау. Қызылорда облысының Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы мақсаты бойынша пайдаланбады деген желеумен Қазалы ауданындағы 3 кәсіпкердің (жалпы аумағы 1500 шаршы метр) жерін мәжбүрлеп алып қою туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берген. Аталмыш үш кәсіпкердің бірі Темірхан Тәжмағанбетов. Құзырлы мекеме кәсіпкерді «ауыл шаруашылығы өнімдерінің дүкенін ашу» мақсатымен алынған 400 шаршы метр жерді мақсатқа сай пайдаланбай отыр деп сотқа берген. Құжаттарының барлығы дұрыс бола тұра басына іс түскен Темірхан Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалына барып, құқығын қорғауды сұраған.

Бұл мәселемен Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров айналысты. Сотта Темірхан Тәжмағанбетовтің мүддесін қорғаған кеңесші тиісті дәлелдемелері бар құжаттарды көрсеткеннен кейін, сот талапкердің кәсіпкерден жерді мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Нәтижесінде, кәсіпкердің жерін өзінде қалдыруға шешім шығарылды. 

Соңғы жаңалықтар