«Қарқаралы петициясына» 112 жыл толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1905 жылдың 25 шілдесінде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіне жиналғандар патша үкіметінің отарлығына қарсы петиция қабылдады. Қазақтардың өміріне қатысты талаптардың қағаз бетіне түсіп, тұңғыш рет отаршыл империяның басшылығына жолданған салмақты саяси құжат - осы «Қарқаралы петициясы» болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

1902-1907 жылдары өтініш пен талап мазмұндарындағы петициялар қазақ даласынан билік орындарына жолданып жатты. Алғашқы петицияларды әу баста діни қысымға қарсы дін қызметкерлері жолдайтын. Бірінші орыс революциясы жылдарында петиция жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолдарына алды. Петициялар Қазаннан, Оралдан, Лепсіден, Қарқаралыдан уезд бастықтарына, әскери губернияларға, генерал-губернаторларға, Ішкі істер министріне, тіпті Ресей императоры II Николайдың атына да жолданған.

1905 жылдың 25 шілдесінде қабылданған Қарқаралы петициясына Абыралы болысынан - Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов, Ақбота болысынан Жүсүп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев, Бөрілі болысынан Толмұхамет Алтынторин, Рақия Сатпаев, Дегелең болысынан Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов, Темірші болысынан Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов қатарлы азаматтар бастаған мыңдаған адамдар қол қойды. «Ұлы мәртебелі император ағзамға» деп басталатын петицияның қазақша аудармадағы толық мәтінін профессор Зарқын Тайшыбай келтіреді. Профессор ұсынған петиция мәтінінде:

«Қазақтардың мүддесін кім қорғайды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса, сол халықтың тілегі мен қажетін өтеудің жолдарын кім көрсетеді? Қалай дегенде де бізді әлдекімдердің танығысы келмейтініне жауапты емеспіз. Патша Ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз», - делінген.

16 мыңға жуық (тағы бір деректерде 12 мыңнан аса) адамның қолы қойылған петицияға «қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою», «қазақ балаларына пансион ашылсын, кәсіби мектептер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін стипендиялар көбейтілсін», «қазақ тілінде газет шығарылсын», «қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың меншігі деп танылсын», ««Далалық ережені» қазақ депутаттарының қатысуымен өзгертілсін», «судьялар қазақ тілін білуі шарт және де қазақ даласына присяжной сот жүйесі енгізілсін» т.с.с талаптар қойылған. Жылдар бойы үнсіз жатқан қазақтардың салмақты саяси талабы билікті өкілдерін абыржытып тастаса керек. Генерал-губернатор бұл хатты алғаннан кейін Қарқаралыға жедел хат жолдап: «Осы петицияға қол қойғандардың арасынан, ең болмаса, бірнеше адамды тауып, аты-жөнін хабарлаңыз», - деп нұсқау береді.

Бұл хабарламаға Қарқаралы оязының бастығы Осовский былай деп жауап жазады:

«Арыз Омбыға, Әлихан Бөкейхановтың атына кетті. Ол - осы петицияны жазуға басты ұйымдастырушы және жетекші. Кейбір деректерге қарағанда арыздың бастапқы текстін жазған Ақбаев. Сондықтан, Бөкейханов тек дем беруші ынтагер деп, есептеледі. Халық өкілі атынан сайланғандар: Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев».

Тарихшылардың пікіріне сүйенсек, петиция мазмұны сайып келгенде, болашақ саяси партияның бағдарламалық негіздері болып табылады. «Сол себепті, «Алаш партиясының идеялық бастау көзін бірінші орыс революциясы кезінен іздеген жөн», - деп мәлім етті  К.Нұрпейісов.

Соңғы жаңалықтар