Қарин: Діни экстремизммен күрес тек дін өкілінің уағызымен шектелмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, діни экстре-мизммен күрес тек дін өкілінің уағызымен шектелмейді. Бұл туралы ол «Егемен Қазақстан» басылымының тілшісіне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қатысты берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз діни экстремизммен күрес дегенде басылымға немесе арнаға белгілі бір дін өкілін шақырып, дін жөнінде түсініктеме беруі керек деп ойлаймыз. Діни уағызды күшейту діни бағыттағы жұмысты күшейту дегенді білдірмейді. Елбасы мақаласының негізгі ойы - ұлттық сипат пен ұлттық сана. Яғни, адам өзін ұлттың өкілі, рухани мұраның жалғастырушысы сезінбесе, ол түрлі идеологияның жетегінде кетеді. Барлығымыздың алдымызда тұрған сын - осы»,-деді басқарма төрағасы.

Оның пікірінше, жаһандану кезінде әртүрлі идеология ықпалының күшейгені соншалық, қоғам мүшелерін жан-жаққа жетелейді. Біреуді ислам халифаты идеологиясына, біреуді басқа идеологияға тартады.

«Бұл біз үшін ерекше қатерлі. Өйткені, кеше ғана отарлық кептен босадық. Сондықтан Елбасы айтып отырған ұлттық кодымыз қандай, ұлттық сипатымыз неден құралады, осыны анықтап алайық. Латын әліпбиіне көшу, туған жер, киелі орындар-қазақылығымызды арттырудың бір шарасы. Оны жеке жобалар деп те қарауға болмайды, өйткені, науқаншылыққа әуестеніп кетуіміз мүмкін. Талқыланып жатқан жобалар жиынтығының түпкі мәні ұлттық сипатымызды арттыруда жатыр. Яғни діни экстремизммен күрес тек дін өкілінің уағызымен шектелмейді. Бұл сонымен бірге, жаңа бағдарламалар арқылы ұлттық ән мен күйді, термені сапалы түрде санаға сіңіру, бойымыздағы қазақылықты ояту, ұлттық өнер туындыларына жаңа деңгейде назар аудару, дәстүр мен құндылықтарды насихаттау, тарату және басқа да жұмыстар. Негізгі мақсат - ұлттық сипатымызды арттыру, ұлттық сананы жаңғырту»,-деді Ерлан Қарин.

Соңғы жаңалықтар