Қарасораны өнеркәсіптік мақсатта өсіруге заң кедергі - Қалмұханбет Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстанда қарасораны өнеркәсіптік мақсатта өндіру мүмкіндіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 5-7 жыл бойы қарасораны өнеркәсіптік және медициналық мақсатта өндіру мәселесі көтеріліп келеді. Шетелдік инвесторлар бар, әлемдік тәжірибе бар, бірақ БҰҰ қарасораны есірткі деп таныған халықаралық конвенциясын бекіткенбіз. Аталған мәселелерді еңсеріп, қарасораны медициналық мақсатта қолдану үшін біздің Денсаулық сақтау министрлігі заңға сәйкес зерттеулер жүргізіп, қарасорадан дәрі жасауға болатынын дәлелдеп беруі тиіс», - деді министр Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында.

Министрдің айтуынша, қарасораны өнеркәсіптік мақсатта өндіру бастамасын іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

«Әлемде түрлі мемлекеттер бұл мәселеге жан-жақты қырынан келген. Еуропа, Канада және Австралияда қарасораның құрамында тетрагидроканнабинол 0,3% төмен болса, оны өнеркәсіптік мақсатта өндіруге заңнамалық деңгейде рұқсат берілген. Ресейде бұл лимит - 0,1% дейін, ал Қазақстанда - 0%», - деп атап өтті Қ. Қасымов.

Сонымен бірге, министр БҰҰ ережесіне сәйкес, әрбір мемлекетте бұл мәселені зерттеп, өткізуді қамтамасыз ететін арнайы мемлекеттік мекеме құрылуы қажеттігін еске салды. 

«Одан бөлек, қарасораны өнеркәсіптік мақсатта өсіру үшін БҰҰ-дан рұқсат алуымыз керек. 13 ақпан күні ол жаққа өтінім жіберіп, 2 тонна қарасора әзірлеп, тиісті зерттеулер жүргізіп, тұжырымдама шығаруға рұқсат сұрадым. Бұл туралы вице-премьер Шөкеевке хабар бердік, ол 20 ақпан күні бәрімізді жинап, ешқандай мемлекеттік мекеме құрмауды бұйырды. Бұл мәселемен Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер және Инвестициялар мен даму министрліктері айналысады», - деді министр.

Қасымовтың айтуынша, ҚР ИДМ қарасораны өңдеуді жүзеге асырса, Денсаулық сақтау министрлігі өз тұжырымдамасын береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қарасора өсіретін аумақты белгілейді және мұның барлығын Ішкі істер министрлігі қадағаламақ.

«Тұжырымдама дайын болғанда, қарасорадағы есірткінің рұқсат етілген мөлшері туралы заңға өзгеріс енгіземіз. Егер заңды түрде Парламент арқылы мұндай шешім қабылдасақ, біздің коммерсанттар қарасорадан өнеркәсіптік өнімдер дайындау мүмкіндігіне ие болады», - деп өз сөзін түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар