Қарашығанақтың кеңейтілуіне байланысты көшірілген ауылдарға мектеп салынуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Березов және Бестау балаларына арналған жаңа мектеп ашылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов бұл туралы өзінің Твиттердегі парақшасында жазды.

Өңір басшысы Бөрлі ауданына жұмыс сапары барысында Аралтал ауылында Березов және Бестау ауылдарынан көшіп келген балаларға арналып салынған 300 орындық мектепте болды. Құрылысы өткен жылдың тамызында басталған бұл нысанға 850 млн теңге бөлінген еді.

Сонымен қатар Ақсай қаласында осы ауылдар тұрғындарына арналған екі 9 қабатты тұрғын үй құрылысы да аяқталды. Мұнда пәтерлердің жалпы саны - 153, соның ішінде 36-сы - бір және төрт бөлмелі, 54-і - екі бөлмелі, 27-сі - үш бөлмелі. Түрлі мердігерлік ұйымдар тұрғызғанымен, үйлердің тұрқы бірдей деуге болады. Бір ерекшелігі, екеуінде де дербес қазандық орнатылған.

Облыс басшысы Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарымен әңгімелескен кезде олар өздерінің жаңа қоныстарына риза екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Қарашығанақ кенішінің санитарлық-қорғау аймағы кеңейтілгендіктен, оған кірген Березов пен Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру жөнінде шешім қабылданғаны белгілі. Биыл қос ауыл тұрғындарының бір бөлігі Аралтал ауылында жаңадан салынған үш және төрт бөлмелі үйлерге қоныстанып үлгерді. Енді қалғандары Ақсайдағы қос үйге көшуді бастады. Оларға тиісті өтемақы төленді.

Әкімнің сөзіне қарағанда, алдағы жыл басында аталған ауылдарда ешкім қалмайды, бәрі де көшіп болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар