Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған кешенге жөндеу жүргізу қажет - Ерғалиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған кешенге жөндеу жүргізу қажет. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолданған сенатор Жабал Ерғалиевтің депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты терең ойлы  философиялық еңбегінде «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», - деген ойын алға тартып, Үкіметтің назарын Қазақстанның солтүстік өңіріндегі, Көкшетаудан жүз жиырма шақырым жердегі, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының аумағындағы  ең бір еңселі әрі айбатты Қазақтың Қарасай батыры мен Ағынтай батырларға орнатылған мемориалдық кешеннің қазіргі жағдайына аударғым келеді», - деп атап өтті ол.

Сенатордың айтуынша, бұл мемориалдық кесене 17 ғасырда Есiмханның бастауымен қазақ жерін шапқыншылардан қорғаған атақты Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Құлшынбай-төбесiне 1999 жылы Елбасының тікелей қамқорлығымен және қолдауымен салынған болатын. Қазақтың қос батыры жерленген биiк төбедегі Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені бабаларымыздың батырлығын паш етіп асқақтап тұр. Бұл жерде жауынгерлердiң көптеген молалары да бар. Әлі де қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кезектi қазба жұмыстары кезінде бойы екі метрдей болатын ауыр семсерімен бірге жерленген тағы бір батырдың сүйегі табылды.

«Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған бұл мемориалдық кешенді көруге жыл сайын елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен мыңдаған адамдар, көптеген шетелдiк қонақтар келетін туристік орынға айналып отыр. Сол ағылып келіп жатқан адамдарға арналып  кесененiң жанынан мейманхана да салынған болатын. Және де кесенеге мектеп оқушылары, жас отау иелерi келедi, осы жерден жастарды әскерге  шығарып салу да игі бір дәстүрге айналды. Кезінде Қарасай мен Ағынтай батырлар жайлы тарихи зерттеулер жүргізіп және де «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, осы кесене салу жұмыстарының басы-қасында жүргендіктен де, осы кесененің қазіргі жағдайына бей-жай қарай алмас едік. Өйткені, қазіргі уақытта осы мемориалдық кешеннің батырлар кесенесіне жөндеу жұмыстары қажет. Кесенеден су кетіп жатқанына да көп болды. Соның салдарынан кесененің кей жерлерінің кірпіштері үгітіліп, шашылуға да айналды. Және де Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» еңбегінде былай деп жазды: «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ  жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл  рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі». Міне, осы бір бір қағидаға сүйене отырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кесенесінің де алдағы уақытта жасалар «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне де енгізілуге де әбден лайықты деп санаймыз»,-  деді Ерғалиев.

Соңғы жаңалықтар