Қарағандылықтар ғарышқа жөнелту үшін NASA-ға долана тұқымын берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ғарышта жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулердің бір нысаны қарағандылықтар NASA-ға берген долана тұқымы болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тұқым салынған контейнер Қарағандының «Сарыарқа» әуежайында Жерге оралған «Союз МС-05» ғарыш кемесінің экипажын салтанатты қарсы алу рәсімінде тапсырылды.
null

«Тұқымдар жүк кемесімен ғарышқа шығарылып, қайта түсіріледі. Сонан соң салыстыру үшін ғарышқа шығарылмаған қарапайым тұқымдармен қатар өсіріледі», - дейді Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

Ғарышкерлерді Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров қарсы алып, үстіне шапан жапты, кәдесыйлар беріп, алдағы қызметіне табыстар тіледі.
null

«Роскосмос» космонавты Сергей Рязанский, NASA астронавты Рэндольф Брезник және ЕҒА астронавты Паоло Несполи Жерге қону «жұмсақ» болғанын айтты.

Бұрын хабарлағанымыздай, «Союз МС-05» басқарылатын көлік кемесінің жерге қонуға арналған капсуласы Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 147 километр жерге, Астана уақытымен 14:38-де қонды. Аппарат Халықаралық ғарыш стансасынан Астана уақытымен 11:15-те бөлініп шыққан болатын.
null

Келесі экспедиция «Союз МС-07» кораблімен 17 желтоқсанда ғарышқа ұшырылады. Қазір стансада «Роскосмос» космонавты Александр Мисуркин және NASA астронавтары Ванде Хай мен Джозеф Акаба бар.

Соңғы жаңалықтар