Қарағандылық мұғалімдер облыс әкіміне өз мәселелерін айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов орта білім алудағы түйткілді мәселелер мен қиындықтарды білу үшін Қарағанды қаласындағы №23 орта мектепке барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл мектептің балалары үш ауысымда оқиды. Барлығы 1900 оқушы білім алады.

Мұғалімдер әкімге жұмыс істеу үшін қағаздың жетіспейтінін айтты. Олар бақылау және жеке тапсырма беру кезінде әр балаға тапсырманы жеке басып шығаратындарын және әрқайсысына жеке портфолио дайындайтындарын айтты. Тоқсан сайын мұғалімдер қағаз алуға 15 мың теңгесін жұмсайды, алайда бұл шығынға бюджетте ақша қарастырылмаған.

 «Сіз білім беру басқармасының басшысы ретінде мұны дұрыс деп санайсыз ба?», - деді әкім облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовке. - Бұл мемлекеттік мекеме ғой, мұғалімдердің жалақысы онсыз да аз. Тағы шығындала түсуі керек пе? Мәселені шешуді сізге тапсырамын».

Ұлдарға арналған еңбек кабинетінде мұғалімдер ескі станоктар мен көне оқу құралдарына шағымданды. 2013 жылы мектепке жаңа верстактар мен бір станок бөлінген. Одан өзгелері 1999 жылы сатып алынған. Жалпы Қарағанды облысында 245 мектеп «технология» пәні бойынша сабақ өтетін жаңа жабдыққа зәру.

Мектеп асханасының да жабдықтары көнерген. Барлық мектеп асханаларының жалға берілгені де белгілі.

Өңір басшысы педагогтар айтқан мәселелерді бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, біртіндеп шешуге уәде берді. 

Соңғы жаңалықтар