Қарағандыдағы су тарату жүйесі қалпына келтірілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының магистральдік су таратқышындағы ірі апат ретке келтірілді. Бірақ тұтынушылар әлі де сумен жабдықтау мәселесін айтуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі.

«23 сағаттан бері «Қарағанды су» ЖШС бригадасының қызметкерлері Орталық мәдениет және демалыс паркіндегі қалыңдығы 800 мм болатын су құбырының апатын жою үшін үздіксіз жұмыс істеуде. Аяз бен ашық аспан астында полиэтенді су таратқышқа қосымша құрыш монтаждалды. Техникалық жағынан бұл айтарлықтай қиын жұмыс», - деді мекеменің баспасөз хатшысы Марина Богдан.

Мекеме өкілінің хабарлауынша, 22 қаңтар күні таңғы сағат 08-00-де қаланың су тарату желілері бойынша ілмекті арматура реттеліп, су таратқышқа су толтырыла бастады.

«Түске қарай Жаңа қала және Михайловка тұтынушыларына су беру қалпына келтіріледі. Қазір кей көшелерге су барды, кей көшелерге сәл кешірек беріледі. Ақтас ауылындағы сумен жабдықтау кешке қарай реттеледі», - деді мекеменің баспасөз хатшысы.

Сонымен бірге, Қарағандының өзге ауданындағы су желісінің жарылғаны туралы ақпарат пайда болды. «Бұл фактіні білеміз. Қазір судың қайдан аққанын тексеріп жатыр. Ол жақта біздің су құбырлар жүйесі жоқ», - деп түсіндірді Богдан.

Еске сала кетсек, 21 қаңтар күні ірі апаттан Қарағанды және көршілес елдімекендер тұрғындары сусыз қалды.

Соңғы жаңалықтар