Қарағандыда су тасқыны кезінде адамдар мен малдар эвакуацияланатын жерлер белгіленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының билігі биыл көктемде болуы мүмкін су тасқыны кезінде адамдар мен малдар эвакуацияланатын қауіпсіз жерлерді белгіледі. Бұл туралы аймақ әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше оқиғалар үшін және тұрғындарды эвакуациялау қажет болған жағдайда 78 уақытша орналасу бекеттері анықталып, үй жануарларын уақытша айдау орындары бекітілді», - делінген хабарламада.

Қарағанды қаласының аумағын көктемгі тасқыннан қорғау үшін сондай-ақ Федоров су қоймасының маңайындағы Соқыр өзенінің арнасын тазарту жоспарланып отыр.

Тазартуды талап ететін Соқыр өзені арнасының ұзындығы 5400 метрді құрайды. Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тазарту жұмыстарының жобасын жасады.

Сонымен қатар жоспарда су жинау тоғанынан бастап (Көгілдір тоған өзені) Университет көшесіне дейін (Федоров су қоймасының аумағы) нөсерлік коллектор салу бар. Жоба құжаттарды әзірлеу кезеңінде. 

Көпжылдық бақылауларға негізделе отырып, Қарағандыда көктемгі су тасқыны кезінде қауіпті саналатын 19 жер анықталды. Олардың 10-ы Қазыбек би атындағы ауданда орналасқан, 9 - Октябрь ауданында.

Осы аптада «Благоустройство» КММ қызметкерлері нөсерлі арықтарды және Конторский тұйық көшесіндегі, Бадина, Құрманғазы, Районная, Айвазовский көшелерінің бойындағы нөсер қабылдағыштарды тазартуды бастады. 

ТЖ бойынша басқарма өткен жылдың күзінде Компанейск кентіндегі (Сұрыптау) су жинау арығын тазартуды ұйымдастырған болатын. Сонымен қатар алдын ала Соқыр өзені арнасының бойымен (мұсылман мазарларынан бастап Алматы-Екатеринбуг республикалық маңызы бар автожолына дейін) бір шақырым қашықтыққа уақытша жер үйіндісі жасалды.

 

Соңғы жаңалықтар