Қарағандыда полицейлерге пара берген тоғыз көлік иесі сотталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Жолдарда сыбайлас жемқорлықтың болуын қысқартудың 10 қадамы» жобасы аясында жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне пара берген тоғыз көлік иелерінің ісі әшкереленіп, сотталды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жобаны облыстың мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ойластырды. Жоба жаңа болғанына қарамастан, жақсы нәтиже көрсетуде.

«Сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 8 полицей, 9 жүргізуші қылмыстық жауапқа тартылды. Біріншісі - пара алса, екіншісі - пара берген», деді департаменттің баспасөз хатшысы Әсемгүл Бексұлтанова.

Жол полициясы мен көліктік бақылау қызметкерлерімен өзара қатынас тәртібі бойынша арнайы нұсқама беретін әдебиеттердің көмегімен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» әзірленді.

«Жолда жемқорлыққа жол бергендер көпшілікке жария етіліп, рейдтер, мониторингтер жүргізіледі. Әлеуметтік желідегі диалог алаңына баса мән береміз. Азаматтар проблемаларымен бөлісіп, оған жедел жауап ала алады», - деп хабарлады Әсемгүл Бексұлтанова.

Жобаның негізгі мақсаты - жол полициясы, көлік инспекциясы, кеден органдарында жемқорлық тәуекелдерін анықтау, азайту. ХҚКО-да, Кеден бекеттерінде мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі әкімшілік тосқауылдарды жою. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жолда рейдтік жедел алдын алу шаралары өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар