Қарағанды облысының әкімі екі күнде мәселемен келген 16 тұрғынды қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов азаматтарды қабылдау өткізді. Екі күнде аймақ басшысына түрлі мәселелермен 16 адам жолыққан, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Өтініштердің бір бөлігі жұмысқа орналастыру, баспана беру мәселелеріне байланысты болды. Кәсіпкерлер облыс әкіміне шағын және орта бизнесті дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша сұрақтар қойды», - делінген хабарламада. 

Бұқар жырау ауданы Тұзды ауылының фермері Рахат Мұхамедьяров жайылым жер бөлуді сұрады. Бұдан басқа, даулы жерлерге, мал өсіру бойынша инвестицияларға қатысты сауалдар қойылды. 
Теміртаулық кәсіпкер Наталья Лугина жаңа технология бойынша өндірісте қиындықтар туындаған соң облыс әкімінен көмек сұрай келген. 
«Күйеуім екеуіміз кедей кен орындарын құрғақ жолмен байыту технологиясын әзірледік. Патент алдық. Марганец кенінен бастадық, бүгінде кез келген металл кенін, қалдықтарды байытуға қабілетіміз бар. Қаражалда өндірісті іске қостық. Шығарылған өнімге қатысты тұтынушыларымыз жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Былтыр өндірісті кеңейтуге грантқа ие болдық. Жабдықтар сатып алып, оны Теміртауда орнаттық. Бірақ шикізат базасымен қиындықтар туындап отыр. Кен алып тұрған үйіндіні байытумен айналыспайтын фирмаға беріп қойды», - дейді Наталья Лугина.
Өндіріске бос үйінді керек. Ерлан Қошанов қарамағындағыларға заң аясында бұл жағдайдың шешімін табуды тапсырды. 
Қабылдау барысында әлеуметтік мәселелер де көтерілді. «Отан қорғаушылар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әбілдә Әбдікәрімов облыс әкімімен Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюшыларды қолдау мәселесін талқылады. «Ардагер-2012» ҚБ басшысы Бақтыбай Есендәулетов ардагерлер ұйымдарының жұмысы туралы баяндады. 
Балқаш тұрғыны Махмұт Жарылғап облыс әкіміне № 15 лицейге Әлихан Бөкейханның есімін беруді ұсынды. 
Әрбір жағдай егжей-тегжейлі талқыланды. Проблемалық мәселелер бойынша шешім қабылдау үшін жұмыстар жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар