Қарағанды облысының әкімі 154 шахтерді жер бетіне шығуға көндірді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов 4 шахтаның кенжарына түсіп, 154 кеншіні жер бетіне шығуға көндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтемемен.


«12 желтоқсан 14.00-де Қарағандыға «АрселорМиттал СНГ» бас директоры Парамжит Калон Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен кездесуге келді. Компанияның ұсынған шарттарын талқылау 23.00-де аяқталды. Содан соң аймақ басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен бірге шахтерлерге аттанды», делінген хабарламада.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 00.30-да Ерлан Қошанов Шахтинск шахтасының кенжарына түскен. Екі сағаттық келіссөзден кейін жер бетіне 59 адам көтерілді. Тентек шахтасында кездесуден соң 76 адам жер бетіне шықты.

«03.00-де Тентек шахтасында Ерлан Қошанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталары директорларының, кәсіподақтар және бригадирлердің қатысуымен жиналыс өткізді. Мұнда тағы бір мәрте кеншілердің талаптары мен компанияның ұсыныстары талқыланды», - деп атап өтті әкімдікте.

Сондай-ақ 04.00-де әкім Ленин шахтасына келіп, кенжарға түсіп, кеншілермен жүздескен. Кездесуден соң 19 адам жер бетіне көтерілді.

«06.00-де әкім Қазақстан шахтасына түсіп, онда да кеншілермен кездесті. Келіссөздер жалғасуда. Нәтижесінде 13 желтоқсан таңертеңгі сағат 8-ге дейінгі уақытта жер бетіне 154 кенші көтерілді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мұнымен қоса, әлеуметтік желілерде Шахтинскіде қамауға алу жағдайлары орын алғаны туралы мәлімет тараған. Бұл ақпаратқа қатысты Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі Шахтинск қаласында ешқандай тұтқындау және қамау амалдары жүргізілмегенін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері азаматтарға жалпы дүрбелеңге бой бермеулерін сұрайды.

Соңғы жаңалықтар