Қарағанды облысында жас дәрігерлерге пәтер беріледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында медициналық қызметкерлер тапшылығы проблемасын шешу жолы табылды. Жас мамандарға баспана беріледі, деп хабарлайды өңір әкімдігінің ресми сайты.

Қай қалаларда дәрігерлер биыл пәтер ала алатыны туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев аппараттық жиналыста айтып берді. 

- Қарағанды облысын білікті дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен еліміздің медициналық ЖОО-да мақсатты оқытуға қаражат бөлінді. 2017-ші  жылы 273 жас маман жұмысқа кірісті, оның ішінде 46-сы резидентураны аяқтаған. 23 дәрігер ауылдық жерлерге бағытталды. Аймақтарда дәрігерлердің ұзаққа қалуын қамтамасыз ету үшін жаңадан келетін мамандарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, - деді ведомство басшысы. 

 Үлгі ретінде Балқаш қаласы алғашқы болды - 2017-ші жылы жас дәрігерлерді баспанамен қамту үшін 18 пәтер жөндеуден өтті. Бұл бастама дәрігерлер тапшылығын анағұрлым төмендетуге септігін тигізді. Жергілікті ауруханаларға республикамыздың басқа облыстарынан да мамандар көшіп келді. 

 Бұл тәжірибені басқа да қалалар жүзеге асырмақшы.  - Медициналық қызметкерлерге мұқтаж қалаларда 2018-ші жылы жергілікті бюджет есебінен 60 пәтер жөнделіп қалыпқа келтіріледі, - деді Ержан Нұрлыбаев. Ол аталмыш бағдарламаны Шахтинск, Абай, Саран, Жезқазған және Қарағанды қалалары қолдағанын атап айтты. Жас дәрігерлерге арналған пәтерлердің көбісі Шахтинск қаласында әзірленеді - 32 пәтер. Қалған шаһарларда - 12-15 пәтерден.

Облыс әкімі қол астындағы қызметкерлеріне бұл жақсы бастаманы барынша кеңейтуді ұсынды.  - Жас дәрігерлерге қызметтік баспана құру кадрлар тапшылығы секілді проблемаларды шешуге көмектеседі. Әсіресе салалық мамандарды ұстап қалуға септігін тигізеді. Барлық әкімдерге бұған қосылып, барынша көмектесу керек. Ал денсаулық сақтау басқармасына бұл бағыттағы жұмыстарды белсендірек атқаруды тапсырамын, - деді Ерлан Қошанов. 

Соңғы жаңалықтар