Қарағанды облысында өзенде жоғалып кеткен екі ағайындының бірінің денесі табылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ТЖ департаментінің сүңгуірлері мен ІІМ Ұлттық гвардия №52859 әскери бөлімінің сарбаздары Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қопа өзенінен ағайындылардың бірінің денесін тапты. Олар 2 сәуір күні күндіз қатты су тасқыны кезінде ағынды өзенге құлап кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

1980 жылғы ер кісі оқиға орнынан 2-2,5 шақырым қашықтықтан тіршілік белгілерінсіз табылды. Оның 1977 жылы дүниеге келген ағасы іздестірілуде», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 2 сәуір күні екі ағайынды Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нұркен ауылының маңында жайылып жүрген малын іздеп шығып, содан із-түзсіз жоғалып кеткен еді.

Бұл су тасқынына қатысты жуық күндері өңірде болған бірінші төтенше оқиға емес. Бұған дейін, 31 наурыз күні, Қарқаралы ауданы Бесоба ауылына 13 шақырым жерде «УАЗ» көлігі суға батып, 3 адам қаза тапқан еді. Кейін үшеуінің де денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар