Қарағанды облысында көмір қабатынан метан өндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов көмір қабатынан метанды барлау және өндіру бойынша жобаның жүзеге асырылуының алдын ала нәтижелерімен танысып шықты. Абай ауданындағы Шерубай-Нұра учаскесінде геологиялық жұмыстар жүргізілуде - тәжірибелік-өндірістік ұңғымалар игеріліп жатыр. Газ шықты және оны дала алқаптарындағы тұтанған от шырақтары растайды.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында көмір қабатынан метанды барлау және өндіру бойынша жоба Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат - кеншілердің жұмысын қауіпсіз ету. Оған қоса, жобаның сәтті іске қосылуы елімізде жаңа отын-энергетикалық саланы құруға септігін тигізетін болады. Метан - балама энергия тасымалдаушы болып табылады, оның қоры өте жоғары. Болашақта оны Астана мен Қарағандыны газдандыру үшін пайдалануға болады.

Шерубай-Нұра учаскесінде жоба жергілікті ғалымдарды жұмылдыру арқылы «Сарыарқа ӘКК» ҰК» АҚ және «КазТрансГаз» АҚ бірлесіп жүзеге асырылуда. Мұнда 8 ұңғыма қазылған, оның үшеуі керн алуға арналған барлау ұңғымалары және бесеуі - тәжірибелік-өндірістік.

- Бұл өте өзекті бағыт. Осыдан ондаған жылдар бұрын біздің алдымызда шахталарды газдан тазарту проблемасы тұрған. Бүгінде біз сол жолмен келе жатырмыз. Ең бастысы - тәжірибелік-өндірістік ұңғымалар оң нәтиже берді. Алайда қабаттардың өткізгіштігін анықтау үшін зерттеулерді жалғастыра беру керек, - деді көмір саласының ардагері, техникалық ғылымдардың докторы, профессор Николай Дрижд.

Мамандар учаскеде қабаттарды гидро ажырату әдісін қолданады. Осы секілді технология Қарағанды облысының көмір бассейндеріндегі тығыз қабаттарға анағұрлым ыңғайлы. Барлау жұмыстарына шамамен 2 млрд теңге инвестицияланған.

Іріктелген керн АҚШ, Германия және Польша елдерінің зертханаларында зерттелген. Алынған мәліметтер метанды өндірістік шығару үшін учаскенің әлеуетті екенін дәлелдейді.

Шерубай-Нұра учаскесі бойынша қорды бағалау жұмысы күтіп тұр. Ол үшін осы жылы мерзімі аяқталған келісімшарт уақыты тағы екі жылға созылды. Осы кезеңдегі жұмыстың құны жобалау нәтижесі бойынша анықталады. Қазір әлеуетті инвесторлар іздестірілуде.

Ерлан Қошанов аймағымыз және жалпы еліміз үшін жобаның жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Аймақ басшысы әрі қарайғы даму кезеңдерінде пайда болға мәселелерді шешуде қолдау көрсететінін жеткізді.

Көмір өндіретін кен орындарындағы потенциалды метан қоры бойынша Қазақстан әлемдегі жетекші 10 ел қатарына кіреді. Геологтық барлау және бағалау жұмыстары аяқталған соң газ қорын мемлекеттік пайдалы қазбалар балансына қою шаралары жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар