Қарағанды облысында еріген қар суына батып кеткен үш адамның да денесі табылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ТЖ департаментінің құтқарушылары Қарағанды облысында жергілікті маңыздағы жолдың жырасындағы еріген қар суынан үш адамның, соның ішінде 13 жасар баланың денесін тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Із-түзсіз жоғалған үш адамның барлығы судан табылды. Айта өтейін, апаттың орын алуы көктемгі су тасқынымен байланысты емес. Аумақта тасыған судың биіктігі небәрі 10 сантиметрді құрады», - деді Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Мүтәллапов.

Еске салайық, 31 наурыз күні «Қарашоқы-Бесоба» жергілікті маңыздағы тасжолында «УАЗ» автомобилі еріген қар суына толы жыраға түсіп кеткен. 7 орындық машинаның салонында 9 адам болғандығы анықталды. Үшеуі із-түзсіз жоғалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рульге ие бола алмай, жыраға құлаған. 

Бұрын хабарланғандай, сағат 13.00-де Қарағанды облысы ТЖ департаментінің құтқарушылары көктемгі тасқын суға батып кеткен бір адамның денесін тапқан еді.

Ішкі істер департаментінің мамандары жол-көлік оқиғасына қатысты тексеріс жүргізуде. Бұл ауданда альтернативті, қауіпсіз, су тасқынынан қорғалған жол бар. Жүргізушінің не себепті осылай жасағанын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

Соңғы жаңалықтар